Астаналықтар Гала-балет қойылымын тамашалайды

21 Қаңтар 2020, 02:22
1649
Бөлісу:
Астаналықтар Гала-балет қойылымын тамашалайды

Нұр-Сұтан, BAQ.KZ. "Астана Опера" балет труппасының көркемдік жетекшісі Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова 29 қаңтар күні Үлкен залда елордалық көрермен назарына ұсынылатын Гала-балет бағдарламасын әзірледі. Осы кеште "Астана Опера" симфониялық оркестріне Арман Оразғалиев жетекшілік етеді. 

Театрдың баспасөз қызметінен хабарлағандай, қазақстандық балетсүйер қауым ескірмейтін классика мен жарқын заманауи нөмірлерді тамашалап, бағасын бере алады. Екі бөлімнен тұратын концертке Л.Минкус пен Э.Дельдевездің "Пахита" балетінен дивертисмент енді, орындайтындар – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнел Рүстемова, халықаралық байқаулардың лауреаты Олжас Тарланов, сонымен қатар Қазақ ұлттық хореография академиясының оқушылары.

Екінші бөлімді Анастасия Заклинская, Данияр Жұматаев және кордебалет әртістерінің орындауында Х.Левенсхольдтің "Сильфида" балетінен көрініс ашпақ.

Бағдарлама Азиза Аймақова мен Жансерік Ахметовтің орындауында В.Вайноненнің хореографиясындағы Б.Асафьевтің "Париж алауы" балетінен па-де-демен жалғасады.

Кештің көркі – А.Садықованың ұлттық хореографиясындағы Steppe Sons "Қорқыт" бірегей шығармасы болмақ. Оны Еркежан Жүнісова мен Сұлтанбек Ғұмар ұсынады.

"Астана Опера" балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова солистердің жеке хореографиялық нөмірлермен өнер көрсетуінің маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын, онда олар өз шығармашылығын паш ете алады. Көптеген әртістер үшін бұл жеке дебюттік өнер көрсету болмақ әрі олардың өсуіне өз пайдасын тигізері сөзсіз.

Бұл әртістердің жаттығып, көп дайындалып, шеберліктерін ұштайтын үздіксіз жұмыс процесі. Нәтижесінде жас дарындар, жарқын сценография мен, әлбетте, тамаша костюмдер көрермендердің назарын өздеріне аударады, - деді Алтынай Асылмұратова.

Көрермендердің сүйікті әртістерімен қауышып, балет сахнасының болашақ жұлдыздарын тамашалайтын керемет мүмкіндіктері бар.

Сондай-ақ концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гаухар Усина мен Тайыр Ғатауов және халықаралық байқаулардың лауреаттары Арман Оразов пен Шұғыла Әдепхан қатысады.

Дәстүр бойынша Гала-балетті әлемге танылған әрі сұранысқа ие әртістер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бақтияр Адамжан мен Әйгерім Бекетаева М.Петипаның хореографиясындағы Л.Минкустың "Дон Кихот" балетінен Гран-памен түйіндейді.


Өзгелердің жаңалығы