Бас жаңалықтар
Астанада жатақхана өртенді
06 Қаңтар 2021, 22:45 646

Астанада жатақхана өртенді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін, 6 қаңтарда 20 сағат 57 минутта Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД Өрт сөндіру бөлімшелері жеке құрамның 22 адамы және 4 техникасы Медеу көшесі, 24 мекен-жайы бойынша үйдің жанып жатқаны туралы келіп түскен шақыруға шықты. 

Өрт сөндірушілер келген бойда жатақхана ретінде жабдықталған бір қабатты мансардалы 20 бөлмелі жеке үй жанып жатқаны анықталды. Өрт салдарынан  төбе бөлігі опырылып түсті. Елордалық өрт сөндірушілердің жедел, кәсіби іс-әрекеттерінің арқасында өрт 21 сағат 24 минутта ауыздықталып, 21 сағат 39 минутта толық сөндірілді. Өрт сөндірушілер келгенге дейін тұрғындар өз бетімен эвакуацияланды және қазіргі уақытта туысқандарының үйлеріне орналастырылды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Алдын ала болжам бойынша өрттің аумағы 80 шаршы метрді құрайды - делінген Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін жауапкершілікпен сақтауға, сақ болуға және өртті сөндіруден гөрі алдын алу әлдеқайда оңай екенін есте сақтауға шақырады. 

Балаларды қараусыз қалдырмаңыз, төсекте темекі шекпеңіз, тұрмыстық және басқа техниканы пайдалану жөніндегі нұсқаулықты сақтаңыз, электр сымдарының оқшаулағышы зақымданған құралдарды пайдаланбаңыз - делінген хабарламада.

Фото: дереккөз
Загрузка...