Бас жаңалықтар
Астанада жастарды жұмысқа орналастыруға арналған бірыңғай база құрылады
07 Ақпан 2019, 12:10 798

Астанада жастарды жұмысқа орналастыруға арналған бірыңғай база құрылады

Астана, BAQ.KZ. «Астана жастары» орталығы Жастар жылында фестивальдер, байқаулар, концерттер, флешмобтар, спорттық жарыстар, КТК мен жас астаналықтарға әскери-патриоттық тәрбие беруге бағытталған жобалар сияқты 150-ден астам іс-шара өткізуді жоспарлауда, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Жыл «SEEDSPACE ASTANA» қалалық инновациялық алаңды құруға және «TRANSFORMATION – 2019» NEET санаттағы жастарды әлеуметтендіруге бағытталған кешенді іс-шаралардан басталады.

Сондай-ақ, жоғары оқу орындарының, колледждер мен мектептердің алаңы арқылы жастарды біріктіру жоспарланған. Студенттік медиа-орталықтар мен футбол лигасы құрылады.

Біраз іс-шаралар жастарды жұмысқа орналастыруға бағытталады. Осы жылы оқу орындарын тәмамдаған жастарды жұмысқа орналастыруға бағытталған «Astana Graduate» атты бірыңғай база құрылады. Одан бөлек, жоспарда адамдар көп жиналатын орындарда жастарға көмек беретін орталықтар ашу, мектеп оқушыларына мамандық таңдауға бағыталған «JANA JULDYZ» және Астана жастарын ақпараттық тұрғыда қолдауға арналған «CALL CENTER 2019» жобасын жүзеге асыру бар.

«Жастарға көмек беру орталықтарын ашу ең тиімді бағыт болды. Біз осындай орталықтарды өткен жылы "Аймақ Тау", "Ақ Жол", "Көк базар" базарларында ашқан болатынбыз. Олар қыркүйек айынан бастап желтоқсан айына дейін жұмыс жасады. Заңгерлер, психологтар, менеджерлер жастарға барлық мәселелер бойынша жұмысқа орналастыру және бизнесті ашу, тұрғын үй мәселесі, баланы балабақшаға орналастыру сияқты мәселелер бойынша кеңес берді. Осы жылы осындай орталықтарды Астанадағы барлық сауда үйлерінде ашқымыз келеді», – деді елорда әкімдігінің «Астана жастары» КММ жетекшісі Үкібай Нұрпейісов.

Сонымен қатар, білім беруге бағытталған жобалар бар. Соның бірі – білім ордаларында жастардың ағылшын тілін меңгеруін жетілдіруге және үш тілділік бағдарламасын қолдауға арналған «Open English» жобасы. Өз ісін ашуға және жүргізуге арналған «Жастар-Даму» және оқушылар мен студенттерді «Моментум» методикасы бойынша кәсіпкерлікке оқыту жобалары да бар.

Көктемде мемлекеттік қолдау алған қазақстандық тауар өндірушілердің «ULTTYQ ÓNIM» көрмесін өткізу жоспарланып отыр, осы жерде жастардың старт-ап жобаларына арналған ұйым секцияларда болады.

Сонымен қатар, жастардың әскери-патриоттық тәрбиесі, мерзімді әскери қызметке даярлауға бағытталған «Әскер күні» және «Жұлдызды шақыру» сияқты іс-шаралар бар.

Сондай-ақ, жоспарда «ARMANDASTAR» жастар сериалын түсіру, түркі тілдес елдер жастарының қысқа метражды фильмдерінің кинофестивалінің, КТК фестивалін өткізу бар.  

Сондай-ақ, Астанада «ONE WORLD - ONE YOUTH» халықаралық жастар қайырымдылық гранд балы өтеді.

«Сонымен қатар, біз «AULA CLUB» атты аула клубтарының жұмысын жүргізуді жалғастырамыз, мүмкіндігі шектеулі жастармен жұмыс жалғасатын болады. Оқу орындарын тәмамдап жұмыссыз жүрген жастарға арнап жастар практикасын және бос орындар жәрмеңкесін өткіземіз. Жастар жылы өте ерекше болады. Сондықтан барлығымыздың жұдырықтай бірігуіміз керек. Ал жылды қандай нәтижемен аяқтайтынымыз біздің әр қайсымызға байланысты», – деді спикер.

Сізден жаңалық