Астанада сабақ қашан басталатыны айтылды

9 Қаңтар 2022, 08:50
2905
Бөлісу:
Астанада сабақ қашан басталатыны айтылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада төтенше жағдай режимі кезінде білім беру мекемелерінің жұмыс істеу ережесі бекітілді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Мәселен, меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі білім беру ұйымдары жұмысын штаттық режимде сағат 08.00-ден 18.00-ге дейін жалғастыруда. Бұл ретте, қажет болған жағдайда қала коменданты «Төтенше жағдай туралы» және «Азаматтық қорғау туралы» ҚР Заңдарының негізінде балабақшалардың жұмысын кезекші топтар режиміне ауыстыра отырып (ата-аналардың немесе заңды өкілдердің өтініш-келісімі негізінде), олардың жұмыс кестесіне өзгерістер енгізуге құқығы бар.

Меншік нысанына қарамастан жалпы білім беретін мектептерде демалыс 2022 жылғы 17 қаңтарға дейін ұзартылды.

2022 жылғы 17 қаңтардан бастап қала мектептері штаттық режимде 2 ауысымда жұмыс істейді:

1 ауысым – сағат 08.00-ден 13.00-ге дейін,

2 ауысым – сағат 14.00-ден 19.00-ге дейін.

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында, меншік нысанына қарамастан ЖОО-да қысқы каникул 2022 жылғы 6-23 қаңтар аралығында жалғасады.

24 қаңтар – екінші семестрдің бірінші күні, одан әрі ЖОО мен орта оқу орны әдеттегі кесте бойынша жұмыс істейтін болады.

Қосымша, арнайы білім беру ұйымдары штаттық режимде жұмыс істейді.

Қажет болған жағдайда, Нұр-Сұлтан қаласының коменданты жалпы білім беретін мектептердің, техникалық және кәсіптік білім беру, қосымша, арнайы білім беру ұйымдарының жұмыс режиміне оларды қашықтан оқыту форматына ауыстыра отырып, өзгерістер енгізуге құқылы.

Нұр-Сұлтан қаласының білім беру ұйымдарының жұмысына қатысты қосымша мәселелер бойынша iKomek қызметіне «109» нөмірі бойынша хабарласу қажет.

Өзгелердің жаңалығы