Астанада Наурызды жаңа форматта тойлау басталды

14 Наурыз 2019, 11:28
2551
Бөлісу:
Астанада Наурызды жаңа форматта тойлау басталды

Астана, BAQ.KZ. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Ұлыстың ұлы мерекесі – Наурыз мейрамын жаңа үлгіде атап өтіп, «Ұлыстың ұлы күні» атты мерекелік жобасын ұсынды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

 Мерекелік шараға әлеуметтік деңгейі төмен көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар, сондай-ақ балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты.

«Ұлыстың ұлы күні» іс-шарасы теңдессіз жоба шеңберінде қатысушылар ұлттық салт-дәстүрлер мен спорттық ойындардың, ақындар айтысын, халық әуендеріне құрылған ән шашу мен күй тартыс сынды ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін тамашалады. «Қазақстан» концерт залының үлкен сахнасы мен фойесінің декорациялары ерекше сән-салтанатпен безендірілген киіз үй үлгісінде ұсынылды. Балалар Ер Төстік, Алдар көсе, Шықбермес Шығайбай, Тазша бала сынды қазақтың аңыз-ертегілеріндегі кейіпкерлердің жаңа образдары ұсынылатын театрландырылған көріністі тамашалауға мүмкіндік алды. «Қазақконцерт» ұйымында өткен шарадағы ән-шашумен қатар, балаларға басты мерекелік тағам – Наурыз көже таратылды, арнайы дайындалған сыйлық ұсынылды.

Мерекелік шара соңында қонақтарға қазақ эстрадасының танымал жұлдыздарының қатысуымен өтетін, «Ұлыстың ұлы күні» атты концертке 400 билет сыйға тартылды.

Естеріңізге салсақ, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Наурыз мейрамын жаңа үлгіде атап өтуді ұсынған болатын.

«Заман талабына сай Наурыздың форматын түбегейлі өзгерту қажет. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбие, қадір-қасиет беретін түрлері өте ерекше. Сондықтан, Наурыз мейрамына жаңа реңк беру үшін, адамның ұлтына, діни бағыныштылығына қарамастан, адамгершілік құндылықтарға мән бере отырып, Қазақстан халқы түгел қамтылатындай мазмұнын жасау керек» деп атап өтті.

Министр бұл мерекені балалардың көз қуанышына айналдырып, оқушылардың үшінші тоқсандық демалысын наурыз мерекесіне үйлестіру, Наурыздың атрибуттық белгісі, эмблемасы һәм символикасын бекіту, осы мейрам аясында тал егу, көрісу, т.б құндылықтарды дәріптеу, мерекені заманауи ұлттық киімдермен қарсы алу, т.б керектігін алға тартты.

Өзгелердің жаңалығы