Бас жаңалықтар
Астанада Әмина Өмірзақова түскен фильмдер көрсетіледі
05 Наурыз 2019, 09:33 591

Астанада Әмина Өмірзақова түскен фильмдер көрсетіледі

Астана, BAQ.KZ. "Рухани жаңғыру" бағдарламасы мен "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласын жүзеге асыру аясында Қазақ ұлттық өнер университетінде 5-6 наурыз күндері Қазақ КСР Халық артисі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, театр және кино актрисасы Әмина Ерғожақызы Өмірзақованың 100 жылдық мерейтойына арналған фильмдердің ретроспективасы өткізіледі.

Әмина Өмірзақова барлығы 20-дан астам кинофильмге түсті. Көрермендер іс-шара барысында көпшілігі дүйім жұртқа таныс, әрі жақын болған фильмдерден Әмина Ерғожақызының сомдауындағы әрқилы бейнелерді тамашалай алады. А. Карповтың "Ана туралы аңыз", Ш. Аймановтың "Тақиялы періште", Ш. Бейсенбаевтың "Гауһартас" фильмдерінде Әмина Өмірзақова қазақ киносы тарихындағы ең сәтті "ана" бейнесін жасады.

Сондай-ақ, ретроспектива шеңберінде "Өнертану" кафедрасының профессоры, өнертану кандидаты Назира Мұқышева Әмина Өмірзақова шығармашылығы жайында ашық дәріс өткізеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың "Ұлы даланың жеті қыры" атты бағдарламалық мақаласында әдебиет, музыка, театр және кино сондай-ақ, көркем өнер саласында жеке тұлға бейнесін құру қажеттілігін атап өткен болатын. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан тарихында алғаш рет "Ұлы тұлғалар" сериясы аясында Қазақ КСР Халық артисі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері Әмина Өмірзақованың 100 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО ауқымында атап өту жоспарға алынды.

 

Сізден жаңалық