Астанада күніне 670 мың адам автобусқа мінеді

20 Ақпан 2019, 12:40
1770
Бөлісу:
Астанада күніне 670 мың адам автобусқа мінеді

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Астанада бір күнде 670 мың адам қоғамдық көлікке мінеді. Бұл туралы қала әкімі Бақыт Сұлтанов халыққа есеп беру кездесуінде мәлімдеді.


«Өткен жылы 4 жаңа маршруттан бөлек, қазіргі жұмыс істеп тұрған 11 маршрут сызбасын жандандырдық. Нәтижесінде қоғамдық көлік қатынасының арақашықтығы 30%-ға азайды. Астана «шектеусіз қала» принципі негізінде дамып жатыр. Бүгінде қала маңындағы елдімекендерге тікелей 20 автобус қатынайды. Бұдан бөлек, жуырда жаңадан экспресс-маршруттарды іске қосамыз», - деді қала әкімі. 

Қала басшысының мәліметінше бүгінде автобус парктерінің 70% жаңартылған, одан бөлек тағы 80 газбен жүретін автобус алу жоспарда бар.  Сұлтанов қаладағы жылы аялдамалардың жайына да тоқталып өтті. 

«Жылы аялдама алғаш қойылғанда біраз уақыт жұртшылықтың сынына қалды, дегенмен уақыт өте келе оның қала тұрғындары үшін пайдалы екенін түсіндік. Өткен жылы қала бойынша бюджет және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік есебінен 74 жылы аялдама қойылды», - деді қала әкімі. 

Сұлтанов қоғамдық көлік жолақысын төлеу туралы да айтты. Оның айтуынша, елорда халқының 90% – қоғамдық көлік картасын қолданады, бұл өз кезегінде одан түсетін 30% қаржыны көлеңкеден шығарып отыр. 

«Біз қала тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болу үшін қоғамдық көлік картасына төлем жасаудың 10 түрлі нұсқасын жасап шығардық. Төлем түрлерінен бөлек, оның жылдам әрі кедергісіз жұмыс істегені маңызды. Бүгінде күнде қала бойынша бір күннің ішінде 670 мың адам қоғамдық көлікті пайдаланатыны анықталды. Бұл бізге болашақ қала құрылысын жоспарлау мен қоғамдық көлік жұмысын жетілдіру үшін маңызды болып отыр. Осы тұрғыда бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табады», - деді ол.
Назерке АБИБУЛЛА 
Өзгелердің жаңалығы