Астанада қазақ күресінен «Өнер барысы» республикалық турнирі өтті

22 Наурыз 2019, 16:41
4098
Бөлісу:
Астанада қазақ күресінен «Өнер барысы» республикалық турнирі өтті

Астана, BAQ.KZ. 21 наурызда Астанада «Дәулет» спорт кешенінде Наурыз мейрамын мерекелеу аясында қазақ күресінен «Өнер барысы» республикалық турнирі өткізілді. Ауқымды шара барысында өнер иелері – танымал əртістер, музыканттар, актерлер, айтыскерлер мен 16-36 жас аралығындағы басқа да шығармашылық тұлғалар бас жүлдені сарапқа салды. Бұл туралы Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлайды.

Дүбірлі додаға қатысушылар екі ай бойы бапкерлердің нұсқауымен жаттығып, күрес техникасын шебер меңгерген. Жарыс қазақ күресінен бекітілген ережелерге сәйкес өткізілді. Еліміздің жоғары деңгейлі белді төрешілері палуандарға өз бағаларын берді.

Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұловтың атап өтуінше, жарыстың басты мақсаты – ұлттық спорт түрі қазақ күресін дәріптеу және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау.

Білекті палуандар күресін тамашалауға жиналғандардың қарасы көп болды. 2500-ге жуық көрермен мінбелерді толтырды. Жарыс айтылуы спорттық мереке түрінде өтті. Спортшылар жиналғандардың ыстық ықыласына бөленсе, белдесулер арасында әріптестеріне қолдау көрсетуге келген белгілі қазақстандық орындаушылар өз өнерлерін ортаға салды.

Шараның қорытындысы бойынша жеңімпаздар екі салмақ санатында анықталды. Ауыр салмақ дәрежесінде еліміздің комедия актері Сырымбет Бибосынов чемпион атанса, орта салмақта «Жау жүрек мың бала» тарихи картинасында Сартай батырдың рөлін сомдаған жас сахна шебері Асылхан Төлепов көш бастады.  

Турнирде «Нысана» театрының актері Абай Аязбаев, қазақстандық шоу-бизнес жұлдызы, әнші Серік Ибрагимов, белгілі вайнер, актер, «Патруль» телехикаясының жұлдызы Мейіржан Төребаев, вокалист Амангелді Өтешов, әнші, актер Артур Төлепов, актер Аян Өтепберген, айтыскер ақын Нұрлан Мусаев, театр және кино актері Еркебұлан Дайыров, айтыскер ақын Әлібек Серғалиев, әнші, актер Нұрболат Абдуллин, ақын, тележүргізуші Ардақ Байғабыл, КТА қатысушы, «Хеллоу, ауыл», «Қуырдақ» әзіл-сықақ телехикаяларының жұлдызы Ғалым Махамбетов, КТА қатысушылары - Ақболат Өтебай, Хамит Ердехан, телехикаяларда ойнайтын актер, дубляж актері Азамат Шарғын күш сынасты.

 

Өзгелердің жаңалығы