Бас жаңалықтар
Астанада «Қасиетті жол» оңалту орталығының ашылғанына 5 жыл болды
22 Наурыз 2019, 11:14 385

Астанада «Қасиетті жол» оңалту орталығының ашылғанына 5 жыл болды

Астана, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы бойынша церебралды сал ауруына шалдыққан 26 мыңнан астам бала бар. Балаларды еліміздегі оңалтудан өтуі үшін, ұзын сонар кезекті күтуі керек, ол кезек арасына айлар мен жылдарды салып жылжиды. Кейбір жағдайы бар ата-аналар балаларын шетелге жіберіп жатады. Ал отбасы аз қамтылған, жалғызбасты аналар, церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға көмек қолын ұсынатын «Қасиетті жол» қоғамдық қайырымдылық қоры жұмыс істейді. Бұл қордың негізгі күн көріс есебі мемлекеттік бюджет емес, еліміздегі қайырымды жандардың арқасында жүзеге асады.

Қоғамдық қордың қарауында Астана және Шымкент қалаларында 3 оңалту орталықтары жұмыс істейді. Астана қаласында «Қасиетті жол» (2-15 жас) және «Балапан» (3 ай - 2 жас) оңалту орталықтары болса, статистика бойынша церебралды сал ауруына шалдыққан балалардың жоғарғы көрсеткішін көрсетіп отырған еліміздің оңтүстік аймағында Шымкент қаласында «Kzhol Шымкент» (1-15 жас) оңалту орталығы бар.

Орталықтарымызда қала бойынша жақсылық жасауға жаны құмар өз ісінің үздік мамандары жұмыс атқарады. Балалармен дефектолог, логопед, трудотерапевт, психологпен қатар бассейн, физиокабинеттері қызмет көрсетеді.

Астанадағы 2014 жылы алғашқы болып ашылған «Қасиетті жол» оңалту орталығы. Биыл орталыққа бес жыл толып отыр. Бес жыл ішінде орталықта оңалтудан 3144 бала өтті.

«Қаншама бала басын ұстап, төртаяқтап еңбектеп, өздігінен жүре бастаған жетістігін көргенімді, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Балалар мен ата-аналарының ертеңгі күнге деген үмітін оятып, көздеріндегі нұрын жағу – жұмысымыздың жемісі», - дейді Орталық директоры Айнұр Нұрхожаева.

Орталықта балаларға арналған түрлі мерекелер өткізіліп тұрады. Мамандар бұл да емдеу шараларының бір түрі екенін айтады. Ән айтып, би билеу арқылы бір-бірімен, өз денесімен қарым-қатынас жасап тілін табу болса, баланың қозғалуға шамасы жетпесе басқаларға қарау арқылы көздерімен жұмыс жасайды.

Логопед мамандар балаларға тек сөйлеуді емес, дұрыс тамақтанып, оны дұрыс жұтуды да үйретеді. Егер тамақты дұрыс жемей, дұрыс жұтпаса – ол асқазан мен тыныс алу мүшелерінің зақымдануына әкеліп соғады.

Сонымен қатар орталықта инструкторлар әртүрлі ем құралдары арқылы дұрыс және өнімді жұмыс жасап, таэквандо, дзюдо сияқты спорт үйірмелері арқылы балаларды салауатты өмір салтына машықтайды. Балақай спортшылар Жыл сайынғы спартакиадаларға да қатысады.

 

Сізден жаңалық