Астанада "Адалдық сағаты" акциясы өтті

17 Қаңтар 2020, 23:41
1569
Бөлісу:
Астанада "Адалдық сағаты" акциясы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің бастамасымен барлық білім беру мекемелерінде республикалық "Адалдық сағаты" акциясы өтті.

Іс-шараға Департамент басшылығы, "Астана - адалдық алаңы" жоба менеджерлері, департамент жанындағы ақпараттық үгіт-насихат штабының жетекшісі Сәдібек Түгел және мүшелері Ербол Іргебай, Қарлығаш Ерғазы, Ернар Жұматаев, Арнайы мониторингтік топтың мүшелері, білім басқармасының өкілдері, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ "Нұр Отан" партиясының өкілдері қатысты.

Шараның басты мақсаты - рухани құндылықтарды насихаттай отырып парасатты, саналы ұрпақты қалыптастыру.

Департамент басшысының бірінші орынбасары Жазира Жылқышиева "Адалдық сағаты" акциясы барысында №53 мектептің оқушыларымен кездесті. Мектепте жалпы 3390 оқушы білім алады, оның ішінде акцияға қатысқандардың саны 400-ге жуық.

Жазира Жылқышиева Ұлы Абайдың "Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек" нақыл сөзімен бастады.

Жас ұрпақтың бойына адамгершілік дәнін егіп, олардың әрқайсысына қайырымдылық, әділ және адал еңбек ету және адалдық секілді игі қасиеттерді дарыту – қоғам алдында тұрған басты міндет. "Жаста берген тәрбие – жас шыбықты игендей" демекші, әр оқушыға тек бар жақсыны үйретсек, келешегі кемел елдің ертеңі жарқын болмақ - деп қорытындылады ол өз сөзін.

Оқушылардың бойына рухани құндылықтарды насихаттау - ақыл-парасаты толысқан адал ұрпақ тәрбиелеу.

"Адалдық сағаты" республикалық акциясы аясында елорданың барлық мектептерінде кездесулер өткізілді. Іс-шара барысында слайдтар мен бейнероликтер көрсетілді. Акцияда 10 мыңнан астам адам қамтылды. Оқушылардың белсенділігі, алғырлығы көз қуантады. Жалындаған жастардың отты көздері үлкен үміт күттіреді.

Жастар арасында адалдық, парасаттылық қағидаттарын дамыту жөніндегі шаралар тұрақты негізде жүргізілуде.
Өзгелердің жаңалығы