Бас жаңалықтар
«Астана Опера» театры Еуропада 17 спектакль сахналады
14 Қаңтар 2019, 11:04 370

«Астана Опера» театры Еуропада 17 спектакль сахналады


Астана, baq.kz. «Астана Опера» театрының еуропалық турнесі үлкен табыспен Италияда өз мәресіне жетті. 

Әртістер бір ай бойы хореографиялық өнердің жауһар туындылары - П.Чайковскийдің «Щелкунчик» және «Аққу көлі» балеттерімен өнер көрсетті. Осынау айтулы мәдени оқиға Испания мен Италияның жетекші БАҚ құралдарында кеңінен таратылды. Спектакльдерді тамсана тамашалаған көрермен қауым әлеуметтік желілерде 500-ден астам пікір қалдырған. 

«Генуяда «Астана Опера» балет әртістері классикалық өнерді бағалаушылардың сенімін толығымен ақтап шықты. Карло Феличе театрында «Щелкунчик» балеті үздік деңгейде ұсынылған болатын, бұл елордалық труппаның нағыз жетістігі болды. Көрерменге нағыз сиқырға толы ғажайып кеш сыйға тартылды. Көпшілік қауым әйгілі өнер майталманы Юрий Григоровичтің тамаша қойылымын, керемет хореографиясының тартымды қиялын бар ынтасымен тамашалады. Ең жоғарғы  деңгейде 36 балет шеберлерінен тұратын  басты партия орындаушылары мен кордебалет әртістеріне  және балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратоваға жалынды қошеметімізді білдіреміз. «Астана Опера» театры тек 2013 жылы ғана құрылғанына қарамастан, аз уақыт ішінде халықаралық деңгейде көпшілікке белгілі әрі танымал театрлардың біріне айналды», - деп жазды L’Eco және Liguria Notizie газетінің белгілі журналисі Клаудио Альманци. 

Италиялықтар мен испаниялықтар әлеуметтік желілерде толассыз пікір білдіріп жатты. Мысалға, қазақстандық труппаны сүйіп тамашалайтын Gabriella Cavallaro тұрақты түрде «Астана Опера» әртістерінің өнері туралы пікірлер мен түсініктер жазады: Мінсіз орындау, сирек кездесетін, бірегей өнер! Құттықтаймыз! Біз 13 қаңтарда өтетін спектакльге тағы келеміз... Барлығы керемет болады деп ойлаймын, астаналық труппа ғажап! (- Parole sante! Una esecuzione perfetta, una arte rara, unica! Complimenti! Ci saremo il 13 ....penso sia bellissimo la compagnia di Astana sono bravissimi).

Валенсияда (Италия) Алтынай Асылмұратованың қойылымындағы П.Чайковскийдің «Аққу көлі» спектаклі туралы News4europe.eu, Valenciaplaza.com, Efe.com, Micuenta.levante-emv.com, Elperiodicodeaqui.com, Premsavalenciana.es ақпарат агенттіктерінің журналистері және т.б. қызықты пікірлер жазды.

«Бас партиялардың орындаушылары Әйгерім Бекетаева (Одетта – Одиллия), Олжас Тарланов (ханзада Зигфрид) пен Серік Нақыспеков (Шут) жұртшылықтың назарын өздеріне аударды. Серік Нақыспеков керемет апломб әдісін паш етті, алайда көрермен қауымды әртістің жүзіндегі күлімсіреген жылылықты сақтай отырып, көптеген күрделі пируэттер жасау қабілеті таңғалдырды. Сұңғақ та сымбатты Әйгерім Бекетаева мен Олжас Тарланов түрлі сезімдер гаммасын тамаша жеткізді, сөйтіп, қазақ балет мектебі – тек классикалық би техникасын меңгеру ғана емес, сондай-ақ өз партиясын актерлік тұрғыдан алып шығу шеберлігі екендігі белгілі болды. Дирижер Арман Оразғалиев оркестрге керемет жетекшілік етті: музыканттардың ойнауы өте әдемі болды», - деді Efe АА журналисі.

Пенадес Ньевес есімді көрермен премьерадан соң әлеуметтік желіге осы балетті күн сайын көре бергісі келетіндігін жазды. (Penades Nieves: Espectacular! La vería todos los días!).

«Аққу көлі» спектаклінің соңғы бес қойылымын қазақстандық әртістер Италияда көрсетті. Мұнда балет труппасын асыға күткендігін айтпаса да түсінікті. Барлық кешке билеттер сатылымға түскен сәттен-ақ сатылып кеткен. Балет өнерінің жауһарын тамашалауға итальяндықтар Генуяға көршілес қалалардан келді.

Әртістер Қазақстанға 14 қаңтарда қайтып оралады, олар шамалы шаршағандарымен, шетелде елімізді тиісті деңгейде көрсете білгендері үшін бақытты. 

Еске салар болсақ, еуропалық гастроль 2018 жылдың қараша айында А.Жұбанов пен Л.Хамидидің ұлттық жауһары – «Абай» операсын орындаумен басталып, Италия мен Испаниядағы балет спектакльдерімен жалғасын тапқан еді. 

Гастроль «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті.

Сізден жаңалық