«Астана Су Арнасында» болған қайғылы жағдайдың мән-жайы анықталды

23 Мамыр 2019, 20:28
2415
Бөлісу:
«Астана Су Арнасында» болған қайғылы жағдайдың мән-жайы анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында қайғылы оқиғаның салдарынан «Астана су арнасы» мекемесінің 4 қызметкері қаза болды. «Астана Су Арнасы» мекемесінің көз жұмған қызметкерлері 1988, 1993, 1995 және 1967 жылы туған азаматтар екені анықталды.

Бүгін 16.04-те ТЖД қызметінің телефонына Б. Момышұлы даңғылында 5 адам құдыққа түсіп кеткені туралы хабарлама келді. Төтенше жағдай орын алған жерге апаттар медицинасы орталығының кезекші бөлімшесі жіберілді.

ІІМ ТЖД комитетінің төрағасы В. Беккердің сөзінше, құтқарушылар 16.15-те келіп жеткен. Кейіннен белгілі болғандай кәріз сорғы станциясының резервуарына бір емес, 4 адам түсіп кеткен. Ол жерге қосымша өрт сөндіру қызметі де шақырылған.

«Бірінші келіп жеткен қызметкерлер сорғы станциясының ішінде диаметрі 3,5 метр, ал тереңдігі 10 метр резервуар бар екенін анықтады. Шамамен 3 метр деңгейінде резервуардың түбі сұйықтыққа толы болған. Зардап шеккендердің денелері осы сұйықтықтың ішінен табылған. Алдын ала мәлімет бойынша «Астана су арнасы» мекемесінің бригадасы кәріз сорғы станциясында демонтаждау жұмыстарын жүргізген. Жұмыс барысында бір қызметкер өзін нашар сезініп, есінен танып, цилиндрге құлап кеткен. Екінші жұмысшы оны құтқармақшы болып техникалық баспалдақпен төменге қарай түспек болып, ол да есінен танып қалған. Құлап кеткендерді құтқармақшы болып құдыққа үшінші, артынан төртінші адам да түскен. Жалпы бригада 6 адамнан құралған. Оның 4-еуі қаза тапқан. Сол бригаданың қалған қызметкерлері 103 нөміріне қоңырау шалып, болған жайтты хабарлаған. Тергеу тобы жұмысты бастап кетті, тиісті іс-шаралар жүргізілуде. Адамдар метаннан уланып қалған болуы мүмкін», - деді Беккер.

Елорда әкімі Бақыт Сұлтанов мерт болғандардың отбасыларына барынша көмек көрсетуді және төтенше жағдайды жете тергеуді тапсырды.

«Өз атымнан және әкімдік атынан көз жұмған азаматтардың туыстары мен жақындарына қайғырып, көңіл айтамын. Қала әкімдігі қаза болған қызметкерлердің отбасыларына тиісті көмек көрсететін болады. Тиісті қызметтерге тергеу амалдарын жете жүргізіп, аталмыш қайғылы оқиғаның орын алуының себептерін анықтауды тапсырдым», - деп жазды өзінің Facebook-тегі парақшасында Бақыт Сұлтанов. 

Сондай-ақ, қалалық №1 ауруханаға метаннан улану белгілерімен тағы да бір азамат жатқызылды. 

«Зардап шегушіні ауруханаға жедел жәрдем бригадасы жеткізді. Ол өз есін біледі. Пациентте бас ауруы және жөтел бар. Ол күкіртті сутектен (метаннан) орташа деңгейде улану диагнозымен  токсикология бөліміне жатқызылды. Қайғылы жағдай өндіріске алынды», - деп мәлімдеді ауруханада. 

Дәрігерлер науқастың жағдайын тұрақты деп бағалап жатыр.   


 

Өзгелердің жаңалығы