«Астана Операдағы» музыкалық демалыс» концерті өтеді

6 Қаңтар 2019, 17:26
2345
Бөлісу:
«Астана Операдағы» музыкалық демалыс» концерті өтеді

Астана, baq.kz. 7 қаңтар күні «Астана Опера» театрының Камералық залында «Астана Операдағы» музыкалық демалыс» концерті өтпек. Тыңдарманға мазмұнды бағдарламаны дарынды жас орындаушылар – Қазақстан мен шетелдің шығармашылық оқу орындарында білім алып жүрген студенттері ұсынады.

Қазақ ұлттық өнер университеті, П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясы жанындағы Орталық музыка мектебі және М.Ипполитов-Иванов атындағы Мәскеу Мемлекеттік музыкалық-педагогикалық институтының студенттері «Астана Опера» Камералық залы сахнасына шығады. Концертке халықаралық байқаулардың лауреаттары Карина Аникушина, Эльнура Русланбекқызы, Нұрлыбек Абылай (скрипка), Томирис Байғазинова (альт), Арай Тұрысбекова (флейта), Жәния Мұхитдинова (гобой), Әлия Асанова, Батырхан Сүлеймен, Ілияс Өзбеков (фортепиано) қатысады. Концертмейстерлер – Анара Камельинова, Любовь Глинка, Алмагүл Байғазинова.

Бұл кеште ұлттық нақышымен ерекшеленетін флейтаға арналған тамаша пьеса – халық композиторы-күйші Дәулеткерейдің атақты «Көроғлы» күйінің оркестрге өңделген нұсқасы тыңдармандардың құлақ құрышын қандырады.

Бағдарламада сан алуан стиль мен дәуір композиторларының музыкасы: Л.Бетховеннің скрипка мен фортепианоға арналған №4 сонатасы, Р.Шуманның «Фантастикалық пьесалар» топтамасынан «Кешқұрым», «Екпін», Э.Изаидің Скрипкаға арналған №2 солосы, Т.Лальенің гобой мен фортепианоға арналған «Венециялық карнавал» Прелюдия және Вариациялары, П.Чайковскийдің Ноктюрн туындысы, С.Рахманиновтың («Қызыл Телпек және Қасқыр») ор.33 № 9, ор.39 № 3 және № 6 этюд-көріністері, Дж.Гершвиннің «Порги және Бесс» операсының тақырыптарына арналған И.Фроловтың концерттік фантазиялары ұсынылмақ.

Басталуы сағат 17:00-де.

Өзгелердің жаңалығы