«Астана Операда» ұлттық музыка кеші өтеді

11 Шілде 2019, 06:49
1857
Бөлісу:
«Астана Операда» ұлттық музыка кеші өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  12 шілдеде «Астана Операның» камералық залында тыңдарман назарына «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» бірегей концерті ұсынылады, деп хабарлады «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының баспасөз қызметі.

Керемет әнші-сопрано, театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Ғабдуллина, танымал баритон, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шахимардан Әбілов көрерменге қазақ музыка жауһарларынан құралған мазмұнды да сан алуан бағдарламаны тарту етпек.

Сондай-ақ музыкалық кешке жарқын аспапшылар – ҚР еңбек сіңірген әртісі Мақпал Бекмағамбетова (скрипка), Асқар Мұқанов (виолончель), Раушан Бескембирова (фортепиано) қатысады.

Елорда тұрғындары мен қала қонақтарының назарына баршаға сүйікті халық әндері – «Япырай», «Бір арпа бидай», «Шәпибаяу», «Тілеуқабақ», «Екі жирен», «Ақ қурай», «Баянауыл», «Сұржекей», сал-серілердің әндері, ұлттық классика жауһарлары, атап айтқанда, Ақан Серінің «Сырымбет», Сегіз Серінің «Қарғаш», Мәди Бәпиұлының «Қаракесек», Естайдың «Құсни-Қорлан», Жаяу Мұсаның «Ақ сиса», Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы», Мұхит Мералыұлының «Айнамкөз», Зілқара Байтоқаұлының «Жиырма бес» шығармалары ұсынылады.

Атақты қазақстандық композиторлар – М.Төлебаевтың Скрипкаға арналған поэмасы, К.Күмісбековтың Виолончельге арналған поэмасы, Ә.Мәмбетовтың Трио – Элегиясы (1-2 бөлімдер) сынды аспаптық туындылары орындалады.

Сұранысқа ие опера әншісі Жұпар Ғабдуллинаның вокалдық шеберлігі, дауысының әсемдігі мен қарқыны, керемет актерлік дарыны көптеген елдердің көрермендеріне кеңінен мәлім. Жақында ғана жетекші солист Түркияда өткен Х мерейтойлық Халықаралық Ыстамбұл опера және балет фестивалінің ашылуында орасан зор жетістікпен өнер көрсетіп, Дж.Пуччинидің «Турандот» операсындағы басты партияны орындады. 2500 орынға шақталған Zorlu PSM Studio концерт залында ине шаншар жер қалмады. Түрік көрермені қазақстандық әртіске ыстық ықыластарын білдіріп, қошемет көрсетті.

Камералық залда өтетін кеш қарсаңында Жұпар Ғабдуллина осынау концертке қатысудың өзі үшін үлкен бақыт екенін атап өтті, себебі вокалист камералық музыканы шырқауды өте қатты жақсы көреді.

«Бұл кеште камералық зал сахнасына шығу – мен үшін екі есе қуаныш сыйлайды, себебі концертке ұстазым Шахимардан Әбілов қатысады, мен оның сыныбында Құрманғазы атындағы консерваторияның аспирантурасында оқыған едім. Шахимардан Қайратұлының біздің театрымызда өнер көрсететініне қуаныштымыз. Ол – халық әндерінің, ұлттық сазгерлер шығармаларының тамаша орындаушысы деп танылған, ол аталмыш туындылармен тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ Еуропа мен Жапонияда да жеке концерттерінде өнер көрсеткен», – деді Жұпар Ғабдуллина.

«Көрерменге қазақ халқының музыкалық өнерін, өз туындыларын өздері шығарып, өздері орындайтын, сырнай, домбыра аспаптарында ойнап, айтысқа қатысатын сал-серілер мен сазгерлердің шығармаларын ұсынамыз. Ұлан-ғасыр, кең байтақ туған жерімізден шабыттанған ата-бабамыздың ұрпақтан-ұрпаққа ауызша таратып, осындай керемет әндерді өмірге әкелгенін мақтан тұтамын. Сегіз Серінің «Алқоңыр», Абай Құнанбаевтың «Көзімнің қарасы» сынды танымал әндерін, «Қарағымай», «Сәулем-ай» атты қазақ халық әндерін ұсынамын. Олардың кейбіреуі ерекше әсем әрі күшті дауыс пен бай тембрлік бояуларды ғана талап етіп қоймай, сондай-ақ нақышпен орындау мәнерін, классикалық ариядағыдай 2-ге жуық октавалы кең диапазонды қажет етеді. Жас буын дала ақындарымыздың жауһарларын, сонымен қатар халық арасынан шыққан белгісіз авторлардың туындыларын жиі тыңдау мүмкіндігіне ие болғаны аса маңызды», – деп бөлісті пікірімен жетекші солист.

 

Өзгелердің жаңалығы