«Астана Опера» әртістері Көкшетауда аншлаг жинады

26 Маусым 2019, 10:47
1942
Бөлісу:
«Астана Опера» әртістері Көкшетауда аншлаг жинады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 25 маусым күні «Астана Опера» солистері мен Камералық оркестрі Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының сахнасында орасан зор табыспен өнер көрсетті. Көкшенің көрермені Дж.Россинидің әзілге толы, жарқын «Жібек саты» фарс-операсын шаттықпен қабыл алды. Бұл туралы «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі хабарлады.

Өнер көрсету Жастар жылы аясында орын алды әрі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың бір бөлігіне айналды.

Осы кеште Ақмола облыстық филармониясының залында ине шаншар жер қалмады.

Шығармашылық ұжым стилистикалық тұрғыдан қарапайым емес россинилік репертуарды шебер меңгергендігін паш етті. «Астана Опера» Камералық оркестріне спектакльдің қоюшы дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов жетекшілік етті. Маэстро Дж.Россинидің өткір әзілді, келекелі, қарқыны мықты күрделі операсына дирижерлік ете отырып, оркестр мен солистерді нық әрі сенімді басқарды. Оның дирижерлік таяқшасының сермеуімен оркестр бір демде үйлесімді, керемет шырқалды. Итальяндық классик партитурасының тамаша шеберлігін, нақышын, әсемдігі мен күлкілі сәттерін А.Мұхитдинов жоғары деңгейде жеткізді.

Сылаң қаққан Джулияның партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова орындады, жетекші солистің ғажап әсемдікке ие асқақ дауысы мен талассыз әртістік тартымдылығы залда отырған көрерменнің ешқайсысын бейжай қалдырмады. Әнші үздік арияларды оп-оңай айтып шықты да, bel canto техникасын тамаша меңгергендігін көрсетті. Аңқау қызметші Джерманоның бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сүндет Байғожин керемет сомдады. Танымал қазақстандық баритон вокалдық әрі актерлік шеберліктің шыңын көрсетті, ал оның әзілге толы жарқын дарыны залды күлкіге қарық қылды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин жас ғашық Дорвильдің рөлін ұсынды. Тенордың өнер көрсетуі мәнерлілігімен, ерекше жалыны әрі сезімдерінің шынайылығымен өзгешеленді. Өз кейіпкерінің эмоциялары мен қобалжуларын толыққанды жеткізу меццо-сопрано Салтанат Мұратбекованың қолынан келді. Евгений Чайниковтың интерпретациясындағы Бланзак жұмбақ әрі харизмаға толы болды, ал Рамзат Балакишиев Дормонттың партиясын шебер ойнап шықты.

Спектакль аяқталған соң шаттанған тыңдармандар әртістердің орындау шеберлігін, сондай-ақ венециялық карнавал үлгісіндегі күрделі костюмдері мен сахналық жабдықтарының кереметін шынайы бағалай отырып, алған әсерлерімен бөлісті.

«Әртістер өз партияларын өте сенімді жеткізді, тамаша дауыстарымен, әртістік шеберлігімен жарқырай өнер көрсете алды. Әсіресе, ән салудың қайталанбас техникасын паш еткен жетекші солистер Салтанат Ахметова мен Сүндет Байғожинның өнері тамсандырды», - деді Назгүл Қалиева есімді тыңдарман.

Өзгелердің жаңалығы