Астана оқушылары экочеллендж аясында тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп шықты

4 Наурыз 2019, 10:23
4467
Бөлісу:
Астана оқушылары экочеллендж аясында тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп шықты

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Астана қаласының №38 мектеп-лицейінде "Мен өз қаламды сүйемін" атты Экокүн өтті. Шараға мектеп оқушылары, ұстаздар мен ата-аналар қатысты.

Шараның мақсаты тұрмыс қалдықтарын қайта өңдеп, оларға жаңа өмір сыйлауына мүмкіндік жасау, балалардың экологиялық білімін тереңдету, оқушыларды табиғатты қорғауға тәрбиелеу болып табылады.

Шараға Халықаралық экологиялық академиясының президенті, профессор Мұсағали Дуанбеков, қамқоршылық кеңес мүшелері мен волонтерлер де қатысты.

Оқушылар, ұстаздар, ата-аналар атсалысқан шарада "V қайта өңдеу" - тұрмыстық зат қалдықтарын қолөнер бұйымдарын жасау, "Экологиялық мәселелерді шешудегі Эко-Дизайн" әртүрлі тұрмыстық заттарды пайдалану арқылы киім үлгісін жасау, "Киімге екінші өмір сыйла" ескі киімдерден жаңа киім үлгілерін жасау, "Мен өз қаламды сүйемін" макеттер конкурсы өтті. Сондай-ақ, ата-аналарға арналған "Жан экологиясы" атты экологиялық-психологиялық тренингі де өткізілді. 

"Ия, экологиялық мәселе бүкіл әлемді қамтитын мәселе. Осы мәселені шешудің басты қадамының бірі бүгінгі Экокүн болды. Біздің мектеп лицейінің оқушылары әр түрлі бұйым жасаумен, пластикке, пластикалық бөтелке, қорап, полиэтиленге, CD дискке екінші өмір сыйлау арқылы, көзге де әдемі, кішігірім деңгейде көрме жасап, таң қалдырды. Жасалған заттардан балалардың қандай қиялы керемет екендігін байқауға болады. Осы заттардан неше түрлі бұйым жасап, біздерді таң қалдырды. Робототехникадағы балалардың даладағы қоқыс мәселесін шешудегі жолды ойлап табуы да ерекеше", - деді мектеп директоры Кәмилә Кәрімбердіқызы. 

Оқушылар арасында "Өзенге қоқыс қалай түседі" ойыны, "Табиғат әлемі және экология" тақырыбында газет шығару, үндеухаттар, өлең, ребус, сөзжұмбақтар құрастыру, сайысы, "Экологиялық мәселелер және оны шешу жолдары" атты презентациялар сайысы, "Қайта өңдеу – жаңа өмір" лайфхактар, эксперименттер жасау, "Робототехника –заман талабы", "Не? Қайда? Қашан?" зияткерлік ойындар, , "Белгілерді ойлап тап!" QUEST ойыны ұйымдастырылды.

Қамқоршылық кеңес атынан белсенді оқушылар мақтау қағазы және сыйлықтармен марапатталды. Кері байланыс, диалог құру сайысын қорытындылау барысында бас жүлдені бастауыш сынып оқушылары жеңіп алды. Шара мектептің өзін-өзі басқару ұйымының мүшелері флешмобымен жалғасты.

Өзгелердің жаңалығы