«Астана» мен БАТЭ: Қайсысының мүмкіндігі жоғары?

21 Тамыз 2019, 11:28
2121
Бөлісу:
«Астана» мен БАТЭ:  Қайсысының мүмкіндігі жоғары?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.«Астана» Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде плей-офф бәсекесіне өтті. Қарсыласы – Беларусь елінің бірнеше дүркін чемпионы БАТЭ. Алғашқы ойын ертең, яғни 22 тамызда өтеді.

«Астана» үшінші іріктеу кезеңінде Мальтаның «Валетта» клубын екі ойынның қорытындысы бойынша ойсырата жеңді. Елордада 5:1 есебімен басым түскен, сырт алаңда тағы 4 жауапсыз гол соқты. Роман Мұртазаев пен Марин Томасов дубльден жасады.

Енді, алда БАТЭ күтіп тұр. Борисов қаласының командасы 1996 жылы құрылған. Осы 23 жылдың ішінде 23 рет чемпиона атанған. Үш рет Беларусь кубогын, 7 рет Суперкубокты еншілеген. Сондай-ақ Чемпиондар және Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнаған.

2008 жылдан бері еурокубокта сәтті өнер көрсете бастаған БАТЭ клубы бір кездері Чемпиондар лигасында «Баварияның» өзін ұтып кеткен. Дегенмен, осы жылдар ішінде екі рет топтық кезеңге өте алмай қалған. Оның екеуінде де Қазақстан командаларынан ұтылған. Ең алғаш 2013 жылы Қарағандының «Шахтері» жеңді. Бұл Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңі болатын.

Борисовтағы алғашқы ойында Сергей Хижниченко соққан голдың арқасында «Шахтер» 1:0 есебімен жеңсе, Қарағандыда да дәл осындай есеп тіркелді. Голды Игорь Зенькович соқты.

Одан кейін 2016/2017 жылғы маусымда Еуропа лигасының іріктеу кезеңінің дәл осындай плей-офф сатысында «Астанамен» жолықты. Бірінші ойын Қазақстанда өтті. Ол ойында Жуниор Кабананга мен Азат Нұрғалиев бір-бір голдан кіргізді.

Ал қарымта ойын 2:2 тең аяқталды. Есепті «Тобылдың» экс-шабуылшысы Михаил Гордейчук ашқан еді. Сосын Неманья Максим есепті теңестірсе, Патрик Твуамаси тіпті «Астананы» алға шығарады. Бірақ ойынның соңғы жағында Игорь Стасевич пенальтиден есепті теңестіріп, командасын жеңілістен құтқарып қалады. Екі ойынның қорытындысы бойынша келесі кезеңге «Астана» өтті.

БАТЭ-ні 38 жастағы жергілікті маман Алексей Бага жаттықтырады. Ол ойыншы ретінде БАТЭ, «Смена-БАТЭ», «РШВСМ-Олимпия», «Динамо» (Брест), «Даугава» (Латвия) клубтарында ойнаған. 2011 жылдан бері БАТЭ клубының бапкерлер штабында жүрді. 2018 жылы қазіргі «Атыраудың» бапкері Олег Дулуб қызметінен кеткен соң, соның орнына бас бапкер болып тағайындалды.

Беларусь клубының жалпы құны – 13, 6 миллион еуро тұрады. Ең қымбат ойыншы, 31 жастағы хавбек Станислав Дргаун (1,5 еуро), 23 жастағы қақпашы Денис Щербицкий (1,2 миллион еуро), 24 жастағы қапталдағы қорғаушы Александр Филипович (1 миллион еуро).

«Астана» клубының жалпы құны 24, 83 миллион еуроны құрайды. Ең қымбат ойыншы – 31 жастағы вингер Марин Томасов (3,5 миллион еуро), 29 жастағы қорғаушы Дмитрий Шомко (2, 5 миллион еуро), 25 жастағы шабуылшы Роман Мұртазаев (2,5 миллион еуро), 25 жастағы шабуылшы Фирмин Мубелек (2,5 миллион еуро).

БАТЭ өз алаңындағы ойынын жаңадан салынған «Борисов-Арена» стадионында өткізеді. Оған 13121 адам сияды. 2014 жылдың 3 мамырында ашылған.

«Астана» мен БАТЭ арасындағы ойын алдымен 22 тамызда елордада өтсе, қарымта матч 29 тамызға жоспарланған.

Болат Есмағанбетов, футбол сарапшысы:

– Шынымды айтатын болсам, «Валетта» мен «Астананың» ойынының алғашқы 5 минутын ғана қарадым. Ол команданың деңгейі төмен. Әуесқой команда екені көрініп тұрды. Әріқарай көрудің мәні қалмады. Бұл команданы Қазақстан премьер-лигасындағы кез келгені ұта алады. «Астананың» бұл ірі жеңісін мереке ретінде тойлаудың қажеті жоқ. Енді алда Беларусь елінің БАТЭ командасы күтіп тұр. Өзіндік стилі, философиясы бар команда. Еурокубоктағы тәжірибесі мен дәстүрі қалыптасқан. Дегенмен, екі команданың келесі кезеңге шығу мүмкіндігі бірдей.

Меніңше, көп гол болмайды. Қарсылас өте сақ ойнайды. Екеуі де өз алаңында жақсы ойнайтын командалар. Сырт алаңда әлсіздеу. Бірақ өз жерінде кімді болсын ұтуға қауқарлы. Бұл ойында көп мәселе сырт алаңдағы кездесуге байланысты. Егер, «Астана Борисовта гол соғатын болса, келесі кезеңге өтуге шамасы жетеді. «Астана» мен БАТЭ ойыны осы маусымдағы ең қызықты кездесудің бірі болғалы тұр.

Роман Григорчук, «Астана» командасының бас бапкері:

– Біз жақсы ойын үлгісін көрсетіп, қажетті нәтижеге қол жеткіздік. Алдағы плей-офф кезеңі алдында бұл психологиялық тұрғыда өте жақсы болды. Біз енді бұл жеңіске қуанғанымызбен, алдағы матчты да ойлауымыз керек. Қателіктерімізді талдап, ойынымызға аздаған өзгерістер енгізуіміз қажет.

– Келесі қарсылас БАТЭ. Бұл команда туралы не айтасыз?

БАТЭ – Еуропа аренасында көп жетістікке жеткен команда. Былайша айтқанда, БАТЭ – Беларусь елінің бренді. Олардың құрамы жақсы жасақталған, әрі тәжірибелі бапкері бар. Сондықтан да бізді алда өте маңызды ойындар күтіп тұр. Біз бұл кездесулерге өте жоғары дайындықпен келуге тиіспіз.

Алексей Бага, БАТЭ командасының бас бапкері:

– 2008 жылдан бері БАТЭ еурокубок ойындарында екі рет ғана топтық кезеңге шыға алмапты. Осының екеуінде де Қазақстан командаларынан өте алмаған. «Ер кезегі үшке» дейін деген бар. Бір жағынан бұған қарсы айтар уәжіңіз бар шығар?

– Бар. Әрбір жаңа еурокубок маусымы – жаңа сынақ. Оныңыз рас, қазақтар осыған дейін бізге екі рет кедергі келтірді. Дегенмен, мен бұған салмақты қараймын. Мұндай кезде ештеңені ойламай, келесі кезекті қарсылас дайындалу керек.

Максим Скавыш, БАТЭ командасының шабуылшысы:

– Өте қиын ойын болатыны түсінікті. Өйткені, біз жасанды алаңда ойнаймыз. Дегенмен, Нұр-Сұлтандағы алаңның сапасы жақсы деп ойлаймын. Шынын айт керек, біз әзірге ол туралы ойланған жоқпыз. Жалпы, өзім қазақстандықтармен бір рет ғана кездескенмін. Оның өзі жолдастық кездесу. Қателеспесем, «Қайрат» болса керек.

Егор Филипенко, БАТЭ командасының қорғаушысы:

– Осыған дейін Қазақстан командасынан өте алмадық. Не істеу керек? Мен білмедім. Бар күшті салып, дұрыстап тырысу керек. Бірақ ойын өте қиынға соққалы тұр. «Астана» – өте жақсы, ешкімге оңайшылықпен берілмейтін команда. Бізбен деңгейі шамалас. Мұндай матчта ұсақ-түйек қателіктің өзі қымбатқа соғады. Оның бәрі ойын нәтижесіне әсер етеді. Ең бастысы, мүмкіндікті тиімді пайдаланып, гол соғу қажет. 

Өзгелердің жаңалығы