Астана Күзет қызметі мен Ассамблея жолдастық кездесу өткізді

27 Ақпан 2019, 10:29
2799
Бөлісу:
Астана Күзет қызметі мен Ассамблея жолдастық кездесу өткізді

Астана, BAQ.KZ тілшісі. 1 наурыз – «Алғыс айту» күні мерекесіне орай және салауатты өмір салтын насихаттау, ұлттар арасындағы ауызбіршілікті нығайту мақсатында Қазақстан Республикасының ІІМ Астана қаласы Күзет қызметі басқармасының ұйымдастыруымен шағын футболдан жолдастық кездесу өтті. 

«Алатау» СК өткізілген спорттық іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрама командалары арнайы шақыртылды және жарыс қожайындары ретінде аталған жарысқа Күзет полициясының басшылығы 1 команда, ал жеке құрамы 3 команда қатысты. 

 Іс-шараның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының ІІМ Астана қаласы Күзет қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция майоры Омаров Оралбек және Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблея Хатшылығының меңгерушісі Кусаинова Ляззат құттықтау сөз сөйлеп, іс-шараны ашық деп жариялады. 

Жалпы 6 команда, екі топқа бөлініп өзара мықтыны анықтады. 

 Полиция қызметкерлері мен азаматтар арасындағы ойындар аса тартысты, қызықты өтті. Ойыншылар да жарыста аянып қалған жоқ. Кілең сайдың тасындай іріктелген спортшылар ойынды тамашалауға молынан жиналған көрермендерді нағыз доданың әсеріне бөледі. Үзіліс кезінде өзінің әсем дауысымен Қазақстан Республикасының ІІМ Астана қаласы Күзет қызметі басқармасының қызметкері полиция кіші сержанты Сабыр Ақбота «Толғау» әнін жиналған қауымға тарту етті. 

Қызу, әрі тартысты өткен жарыстың финалдық кездесуінде Қазақстан Республикасының ІІМ Астана қаласы Күзет қызметі басқармасы басшылығынан құрылған команда қарсыластарына 3:1 есебінде жол беріп 2-орынға табан тіреді. 

Жолдастық кесдесудің жеңімпазы болып Қазақстан халқы Ассамблеясының құрама командасы иеленді және алғашқы турнирдің арнайы кубогын жеңіп алды. 

Ал 3-орынға ІІМ Астана қаласы Күзет қызметі басқармасы 2-полиция батальонының командасы қол жеткізді. 

Іс-шараның марапаттау рәсімінде жеңімпаз командалар кубоктармен және Қазақстан Республикасының ІІМ Астана қаласы Күзет қызметі басқармасының грамотасымен марапатталды.

 Үздік ойын көрсетіп, көзге түскен спортшыларда қалыс қалған жоқ, осы турнирде «Үздік қақпашы» атанған Мирахмадов Миракбар Миркасынович, «Үздік шабуылшы» атанған Ахмаджанов Махмуджан Захиджанович, «Үздік қорғаушы» атанған Байжан Фархат Мамыртайұлы және «Үздік ойыншы» атанған Хамчиев Рашид Баширович бағалы сыйлықтармен және арнайы дипломдармен марапатталды. 

 Іс-шара соңында Қазақстан Республикасының ІІМ Астана қаласы Күзет қызметі басқармасының команда капитаны полиция майоры Оралбек Тәубақабылұлы өткізілген спорттық іс-шараға қолдау көрсетіп, ат салысқаны үшін командаларға және жанкүйерлерге шексіз алғысын білдіріп, футбол командалық ауызбіршілікті көрсететін және достықты насихаттайтын ойын, сондықтан бұл жолдастық кездесу алдағы уақытта жиі ұйымдастырылатынын айтты.

Ержан Жаубай

Өзгелердің жаңалығы