Астана Балет «Ұлы дала мұрасын» көрсетеді

15 Наурыз 2019, 22:25
3469
Бөлісу:
Астана Балет «Ұлы дала мұрасын» көрсетеді

Астана, BAQ.KZ. 20 наурыз күні «Ұлы дала мұрасы» атты әсем де көркем бағдарлама «Астана Балет» театрының сахнасында қойылмақ. Бұл бағдарлама елімізде ғана емес, шет елдерге де аян. Әйткенмен, әр ойналған сайын ұлттық бидің сәні мен көркіне қанық болып, бала жастан құлағыңызда әуезі сарнап келген әуендер жүрегіңізді тербейді.

«Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасына енген хореографиялық миниатюралар түрлі стиль мен әр түрлі көркемдік тәсілдерді қолдана отырып шығарылған. Мұнда этнографиялық элементтер мен балетмейстерлік шешімдер үйлесім тапқан. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мукарам Авахри мен Айгүл Тәти қойған әр миниатюра – жарқын бейнелер, қызықты драматургия мен жадыңызға хатталып қалар әуенге құралған мини-спектакль. «Арулар» аты пластикалық композиция қазақ қызының сұлулығы мен сымбатын, ұяңдығы мен ибалығын сипаттап, сонымен бірге, «Сәлем беру», «Беташар» сынды салт-дәстүрімізді де көркем-пластика тілімен жеткізеді. Дина Нұрпейісованың күйіне қойылған «Әсем қоңыр» биі ерке әрі еркіншіл, нәзік әрі намысшыл, туған еліне деген сүйіспеншілігі ұшан-теңіз күллі қазақ әйелдеріне арналады. «Астана Балет» театры әртістерінің орындауындағы қазақ биі ұлтымыздың болмыс-бітімін, ұлылығы мен даналығын, баладай ашық, дархан мінезін хореография тілімен суреттеп бермек.

 Астана Балет «Ұлы дала мұрасын» көрсетеді

«Әлем» атты балет үзіндісі көрерменді түркі мифологиясының ғажайып әлеміне ертіп әкетеді. Ғажайып пластика тілінің күшімен жанның пайда болып, қараңғы түнектен, түрлі сын-қатерден өтіп барып, Көктен Жерге жеткен сәтін суреттейтін бұл туынды ешкімді бей-жай қалдыра қоймас. Көрермен қауым жарық-бейне инсталляция және әртістердің голографиялық бейнелермен үйлесімді әрекет етуіне мүмкіндік беретін ерекше 3D-әсерін іштей бағалап, тамашалай     алады.

Өзгелердің жаңалығы