"Astana aqshamy": Экономист банктердің жылдық пайызы неге көп болатынын түсіндірді

15 Қаңтар 2019, 09:50
8042
Бөлісу:
"Astana aqshamy": Экономист банктердің жылдық пайызы неге көп болатынын түсіндірді

Астана, BAQ.KZ. Қазақстандағы банктердің жылдық пайыздық үстемақысы 13-25 пайыздан асады. "Астана ақшамы" газеті "7-20-25" бағдарламасы бойынша баспана алу үшін банктерден несие алу бойынша зерттеу мақаласын жариялады. Онда экономист ғалым, сарапшы Ильяс Исаев банктердің жылдық өсімі не себепті жоғары болатынын түсіндірген екен.

АА.: Әлемде ипотека несиесінің пайыздық ставкасы 1-2 па­йыздан аспайтын елдер бар. Ал біздің елімізде банктер 17-25 пайыз аралығындағы өсіммен несие береді. Бұл неден?

ИИ.: Банктің несие үшін пайыздары бірнеше элементтен құралған. Біріншісі – банктер несие бергенде міндетті түрде пайда көруі керек. Яғни банктің өз пайдасы үшін қосылатын пайыз. Екіншісі – банк қаражатты сырттан тартса, оның депозиттік ставкасы болады, сол қосылады. Халыққа несиеге беріліп жатқан ақшаның бәрі банктердің өз ақшасы емес. Банктер оны сырттан тартады, түрлі салымдардан алады. Үшіншісі – тәуекел үшін қосылатын пайыздық өсім. Қазақстан – әлі әл-ауқаты жақсы дамымаған мемлекет, сондықтан мұнда тәуекел, яғни риск жоғары. Бізде, мысалы, шағын және орта бизнес дамымаған, жалпы ішкі өнімнің 60 пайызы қызмет көрсету секторынан тұрады. Өнім өндіру өте төмен. Нарық дұрыс зерттеліп отырған жоқ. Мұның бәрі рискті, яғни тәуекелшілдікті арттырады. Банктің пайыздық ставкасына әсер ететін төртінші элемент – ол инфляция.

Осы төрт элементтен келіп банктің пайыздық ставкасы белгіленеді. Бізде дамыған шет елдердегідей инфляция 1-2 пайыз емес, кем дегенде жыл сайын 5-6 пайыз болып отыр. Ал тәуекел үшін кемі 4 пайыз қосылады. Сонда осы екеуінің өзінен құралған банктің пайыздық ставкасы – 9 пайыз. Оған депозиттік ставка мен банктің өзінің кем дегенде 7 пайыз пайдасын қосыңыз. Осылай жылдық пайыз 20-25 пайызға дейін жетеді. Міне, осындай себептерден келіп Қазақстандағы банктердің пайыздық ставкасы жоғары болып шығады.

АА.:Мұны азайтудың жолы бар ма?

ИИ.: Ұлттық банктің нұсқаулық және келісімдерінде «жылдық тиімді өсім ставкасы» деген бар. Сол бізде 56 пайыз болып бекітілген. Мысалы, сіз банктен 100 теңге алсаңыз, 156 теңге қылып қайтарасыз. Ал 10 миллион теңге алсаңыз, 15 миллион 600 мың теңге қылып қайтарасыз. Мұны бізде ешкім түсіндіріп бере алмайды. Парламент депутаттарының өзі заң қаралғанда «бұл неге 56 пайыз?» деп сұрақ қоя алмаған. Неге десеңіз, депутаттардың өздері түсінбейді. Түсіну үшін математикалық сауат қажет. Тіпті түсінетіндер болса да олар үндемейді. Себебі бізде бәрі халықтың емес, банктің мүддесін қорғайды.

АА.: Жылдық тиімді пайыздық ставка 56 пайыз деп бе­кітіліпті. Оны төмендетуге бола ма және ол банктердің пайызы төмендеуіне ықпал ете ме?

ИИ.: Ол барлық банктер қарайтын Ұлттық банктың нұсқаулығында бекітілген. Оны өзгертуге болады. Ол үшін осы сұрақты қоя алатын, талап ете алатын азаматтар болуы керек. Мысалы, депутаттар сондай талап қоюы керек. Оны математиктер отырып есептеуі қажет.

АА.: Банктердің пайыздық ставкасына әсер ететін төрт себепті айттыңыз. Осы негізде несие пайызын төмендетудің қандай жолдарын ұсынар едіңіз?

ИИ.: Инфляция – макроэкономикалық мәселе. Оны бір Ұлттық банк тоқтата алмайды. Инфляцияны төмендету – тұтас жүйе болып атқарылатын жұмыс. Ал микроэкономика дамымай, тәуекелшілдікті де азайту мүмкін емес. Сондықтан банктердің пайыздық өсімін азайту үшін комиссиялық банктер өз операциялық шығындарын, өз қызметкерлерінің жалақысын азайтуы қажет. Өз пайдасын көбейту резервін олар халыққа берілетін несиеден емес, өз іштерінен іздеуі керек. Қазір елімізде орташа жалақы 220 мыңның үстінде деп отыр. Ал елде ең көп жалақы алатындар – банк секторындағылар. Олардың жалақысын азайту – банк операциялық шығындары құнын азайту. Пайыздық өсімді азайтудың ең тиімді, жүзеге асыруға қолайлы жолы да осы.

Өзгелердің жаңалығы