Асхат Аймағамбетов балалардың ішкі әлеміне назар аударуға шақырды

13 Шілде 2019, 01:27
1277
Бөлісу:
Асхат Аймағамбетов балалардың ішкі әлеміне назар аударуға шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Алматы қаласына жұмыс сапары барысында «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына барып, білім беру-сауықтыру орталығының қызметімен, сондай-ақ «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасымен танысты, деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

«Қоғам дамуының қазіргі кезеңінде балалардың ішкі әлеміне назар аудару өте маңызды. Ендігі кезекте оқушының алған білімін қалай пайдаланатыны өте маңызды: адамдарға зиянын келтіре ме әлде қоғам игілігі үшін жұмсай ма? Осы орайда «Өзін-өзі тану» пәні өте маңызды рөл атқарады. Бұл пәннің адамгершілік қасиеттері жоғары адамды, өз елінің азаматы мен патриотын тәрбиелеудегі маңызын бағалау қиын», - деп атап өтті министр.

Сонымен қатар, министр «Өзін-өзі тану» пәнін оқыту сапасы бойынша білім басқармаларының жауапкершіліктерін арттыру қажеттілігін атап өтті.

Жұмыс сапары аясында министр Асхат Аймағамбетов үкіметтік емес ұйымдар және қалалық білім беру басқармасының өкілдерімен кездесіп, балалардың құқықтарын қорғау бойынша маңызды мәселелерді талқылады. Жиын барысында балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мәселелер мен оларды шешу жөніндегі нақты ұсыныстар жасалды. Асхат Аймағамбетов балалар үйлерінің жағдайы және оларды трансформациялау, мектептердегі буллинг мәселесі, инклюзивті білім беру жүйесін дамыту, қамқоршылық органдарының қызметін күшейту, ата-аналардың балаларды тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің жұмыс сапасын жақсарту іспеттес бірқатар мәселелерді талқылауға шығарды. Кездесуге қатысушылар бала асырап алу жөніндегі агенттіктердің қызметін қолдау және олардың рөлін күшейту қажет деген ортақ пікірге келді.

«Бүгінде балалардың құқықтарын қорғау мәселесінде инклюзивті оқытуға ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекеттің негізгі міндеті - ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін қолжетімді орта жасау. Ал, тьюторлар мен психологиялық-педагогикалық түзету саласы мамандарының жетіспеушілігі мәселесін министрлік жан басына қаржыландыру арқылы шешуді ұсынып отыр»,-делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы