Елімізде әскери тікұшақ өндіріледі

8 Маусым 2019, 09:47
2762
Бөлісу:
Елімізде әскери тікұшақ өндіріледі

Алматы, BAQ.KZ. Бұл туралы қару-жарақ саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Француз комиссиясының VIII отырысында белгілі болды.

Әскери тікұшақтарды құрастыру "Еврокоптер Қазақстан инжиниринг" ЖШС базасында жолға қойылатын болады. Бұған дейін біздің елімізде әскери тікұшақ құрастырылмағанын және Қазақстанның Орталық Азияда алғашқы болып аталған өндірісті қолға алып отырғанын айтып өткен жөн. Осы себепті, аталған кәсіпорынның базасында осындай санаттағы, оның ішінде Орталық Азия мемлекеттерінің қарулы күштеріндегі тікұшақтарға да сервистік қызмет көрсету жоспарлануда.

Елімізде әскери тікұшақ өндіріледі

Отырыста ҚР Қарулы күштері мен үшінші елдердің мүддесі үшін қару-жарақ пен әскери техниканың перспективалы түрлерін өндіру үшін инвестициялар мен технологиялар трансфертін арттыруға баса көңіл бөлінді.

ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібінің бірінші вице-министрі Талғат Жанжүменовтың төрағалығымен өткен комиссия жұмысына Қазақстанның мемлекеттік органдары мен қорғаныс кәсіпорындарының және әскери өнеркәсіп саласында әлемдік көшбасшылар қатарынан табылатын Nexter, Safran, Thales, Airbus секілді Францияның оннан астам қорғаныс кәсіпорындарының өкілдері қатысты. Француз делегациясын Франция қарулы күштері министрлігінің өкілі, қару-жарақ жөніндегі генерал-инженер Том Лерн басқарып келді.

Елімізде әскери тікұшақ өндіріледі

Екі күндік жұмыс нәтижесінде бірқатар маңызды келісімдерге қол жеткізілді. Тараптардың Safran компаниясымен бірлесіп, ресейлік және европалық үлгідегі тікұшақтар үшін шолу жүйелерін құрастыру, сондай-ақ СУ-30СМ ұшақтары үшін авиациялық электроника өндірісі мен сервисін ұйымдастыру жобаларын іске асыру туралы келісімге келгенін атап өткен жөн.

Келіссөздер барысында киберқауіпсіздік және цифрлық даму салаларындағы ынтымақтастықтың келешегіне ерекше назар аударылды. Тараптар әскери-техникалық саладағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуді жалғастыру және өзара инвестициялар тарту туралы уағдаласты.

Өзгелердің жаңалығы