Әскери дәрігерлер әскери ұшқыштар институтын бітірді

3 Шілде 2021, 22:35
3019
Бөлісу:
Әскери дәрігерлер әскери ұшқыштар институтын бітірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының жиырма үш түлегіне дипломдар табысталып, офицерлер құрамының алғашқы «лейтенант» әскери атағы берілді.

Бұл 2016 жылы әскери ұшқыштар институты базасында құрылған әскери-медициналық факультетті бітіріп отырған түлектердің екінші ағымы. Курсанттар екі оқу орны базасында білім алады. Олар мамандығы бойынша пәндерді Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік медицина университетінде, ал әскери пәндерді өздері білім алатын әскери институтта оқиды.

Әскери институт бастығы авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов лейтенанттар Мақсат Мәмбетәлиев пен Әділет Оспановқа ерекше үлгідегі дипломдар тапсырды.

Осы мамандықты таңдап, оқып жүрген кезде дәрігер болу пациенттер үшін де, өзім үшін де маған үлкен жауапкершілік жүктейтінін жете түсіндім. Бүгін біз үлкен өмірге жолдама алып отырмыз. Бітіру рәсімі өте қызықты, әрі салтанатты түрде өтуде. Ұстаздарым «менің шәкіртім» деп мақтанатындай білікті де шебер маман болу үшін бар күш-жігерімді саламын, – деп өз әсерімен бөлісті медицина қызметінің лейтенанты Мақсат Мәмбетәлиев.

Курсанттар Марат Оспанов атындағы медицина университетінде Ақтөбе облысының тәжірибелі оқытушылары мен дәрігерлерінің қатаң бақылауымен мемлекеттік аттестаттаудан өтті.

Мемлекеттік аттестаттаудың бірінші кезеңінде 23 түлектің барлығы да жоғары балл алғанын мақтанышпен айта аламын, – дейді әскери-медициналық пәндер кафедрасының бастығы медицина қызметінің полковнигі Қайрат Дарқұлов, – эпидемиологиялық шектеуге қарамастан, табандылық пен білімге деген құштарлықтың арқасында олар жақсы нәтиже көрсетті.

Одан басқа, болашақ әскери дәрігерлер Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында медициналық қызметті ұйымдастыру және оның тактикасы, әскери-далалық хирургия, әскери-далалық терапия және күнделікті медициналық қызметті басқару сияқты арнайы пәндер бойынша білімін растады, сондай-ақ дене шынықтыру бойынша міндетті емтихан тапсырды.

Әскери-медициналық факультет түлектерінің басқа курсанттардан айырмашылығы олар қызметке кіріспес бұрын интернатурада оқуын жалғастырады. Осыдан кейін ғана оларға жалпы практикадағы әскери дәрігер, әскери хирург-дәрігер, әскери терапевт-дәрігер мамандықтары бойынша медициналық қызметпен айналысуға рұқсат беріледі және кейіннен олар Қарулы Күштер қатарын толықтырады.

Өзгелердің жаңалығы