Әскерге шақырту қағазының орнына SMS келетін болады

22 Қаңтар 2021, 02:28
1486
Бөлісу:
Әскерге шақырту қағазының орнына SMS келетін болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әскерге шақырылғандарды SMS хабарлама арқылы уақтылы хабардар ету қолға алынады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінде 2020 жылға әскери қызметке шақыруды қорытындылау барысында айтылды.

Кеңейтілген кеңес ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Мұрат Бектановтың басшылығымен өтті. Жиында әскерге шақыру науқаны кезінде әскерге шақырылушыларды уақтылы хабардар ету мәселесі толық шешілмегені айтылды.

Осыған байланысты «электронды үкіметтің» деректер базасымен интеграциялау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл әскерге шақырылушыларды белгілеуді жеңілдетеді және оларды SMS хабарлама арқылы уақтылы хабардар етуді қамтамасыз етеді.

Министрліктің мәліметінше, COVID-19 пандемиясы шақыру науқанының барысына айтарлықтай әсер еткеніне қарамастан, 2020 жылы 34 мыңға жуық азамат әскери қызметке шақырылған.
Өзгелердің жаңалығы