Бас жаңалықтар
Әсия Беркенова: Тіке айтқаным үшін ешқашан өкінген емеспін
Сұхбат EX
22 Сәуiр 2020, 21:50 982

Әсия Беркенова: Тіке айтқаным үшін ешқашан өкінген емеспін

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін халық ақыны Әсия Беркенова 70 жасқа толды. Талай айтыс додаларында өткірлігімен, өжеттігімен көзге түскен ақынның қазіргі айтыс, сөз өнері туралы пікірі қандай? Бұл сауалға сұхбатымыздан жауап табасыз.

– Әсия Әйіпқызы, "Әдебиет – ардың ісі" деп жатады. Дегенмен, қазір осы сөз өнері ПиАрдың (PR) ісі сияқты болып кеткен жоқ па? Жарнамаң болмаса ешкім танымайды, көретін құрметің де кем. Бірақ, бүгінде жарнама деп жүріп, Арымызды кірлетіп жатқан жоқпыз ба?

– Өмірде әркім әртүрлі ұстанымына, парасатына сай әрекет етеді. Ақын да адам. Арын қаншалықты таза ұстауы өзінің ақыл-ойына, интеллектісіне байланысты. Бірдеңені жарнамалау үшін "атың шықпаса, жер өрте" деп жүрген адамдарды әдебиетші деп айтуға болмайды. Бойында сөз құрай алатын азғантай талантты көрінген нәрсеге пайдаланатындарды да әдебиетке қатысы бар деу қателік. Мысалы, мұғалім мен ұстаздың айырмашылығын айталық. Арнайы оқу орнын бітірген маман мұғалім атануы мүмкін, алайда, одан шын мәніндегі ұстаз шыға ма, шықпай ма?! Сол сияқты.

Өлең-сөзді қастерлей білетін, білімі мен ақыл-парасаты келіскен, сөз өнеріне аса бір құрметпен қарайтын адамды ғана әдебиетші деу керек. Әдебиет – тәрбиенің құралы. Егер поэзиядан немесе прозалық шығармадан адами қағидаттардың иісі аңқып тұрмаса, оны әдеби шығарма деп атауға болмайды. Меніңше, нағыз суреткер сөзімен ғана емес, ісімен де үлгі көрсетіп, туындысынан тазалығы сезіліп тұруы тиіс. Осы мәселелерді түсінген адам кімнің адал, кімнің ары кірлегенін ажырата алады деп ойлаймын.

– Бұрынғы айтыс пен бүгінгі айтыстың айырмасы көзге ұрып тұрады. Көркемдік жағынан болсын немесе жүлдесін айтсақ та салыстыруға келмейді. Қазір бұрынғыдай ақынның сөзін елейтіндер, айтыста айтылған сыннан нәтиже шығаратындар аз. Бұған тағы да қоғамды кінәлаймыз ба?

– "Әр заманның өз сұрқылтайы болады" дегендей, біз айтысқан кездері 19-ғасырдағы ұлттық өнердің үлгісін дамыттық. Бізден кейін келген Мұхамеджан Тазабеков бастаған буын жырау, шешендердің сөздерін тірілтті. Мұқағали айтқандай, "күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарды". Біздің айтыстарда ұлттық, қоғамдық мәселелер көп көтерілді. Мысалы, жер-су атауларына, ұлттық салт-сана, тілге қатысты батырып айттық. Өйткені, заманымыз соны айтуға мәжбүрледі. Тоқсаныншы жылы Наурыз-айтыста айтқаным бар еді.

...Не гәп бар мәселені шешпейтіндей,

Бірігіп елдікке бір көшпейтіндей.

"Орыстың қысы" дейді, "қайыңы" дейді,

Қазақта қыс боп, қайың өспейтіндей...

Шынымен, сол кездері масленица сияқты мерекелер тойланатын да, Наурыз ұмыт қала беретін. Соған күйінгеніміз сондай, осылай айтуға тура келді. Тағы бірде:

Ұлтпыз-ау туған сірә азапты ала,

Өзгеге жүру үшін мазақтала.

Өз тілін білмейтұғын орыс бар ма,

Қазақша білмейтін тек қазақ қана, – деп тіл білмейтіндерді сынадық.

Әрине, қазіргі айтыстарда да бұл мәселелер айтылмай жүрген жоқ. Жетесіне жеткізіп тұрып жырлайтын ақындарымыз жетерлік. Бірақ, бұл мәселелер сонау жылдары, біздің айтыстарда айшықтырақ, өтімдірек шыққан сияқты. Олай болатын себебі – халықтың арман-тілегімен үндесуінде.

Кей-кейде жанкүйерлерімізбен кездесіп қалғанда «қазір сіздердің кездеріңіздегідей айтыс жоқ» деп жатады. Сұраныстан ұсыныс көп болған кезде не нәрсенің де сапасы төмендей бастайды ғой. Жиі-жиі, қажетсіз өтіп жатқан айтыстар да бар. Қанша мықты болса да, ақындар сарқылады. Сосын бір жерде айтқанын екінші ауылға барып қайталау көбейеді. Көрерменді алдай алмайсың, көңілі қалып қоятыны содан. Айтыскерлерге деген көзқарастың біршама өзгеруіне өздері де кінәлі.

– Осы тұста айтыстағы іні-сіңілілеріңіз туралы не айтар едіңіз? Олардың беталысы қалай?

– Мен, Қонысбай, Әселхан кезінде Манап Көкеновке, Көкен Шәкеевке қарап айтыстың көшіне ілессек, кейінгілер біздің жолымызды жалғап әкетті. Серік Құсанбаев, Аманжол Әлтаев, Айбек Қалиевтер шықты. Бұларды қазір тағынан таймай, арнасында жүрген ақындар деп есептеймін. Айбек ініміз туралы айтсақ, сабырлы, салиқалы қалпымен елдің ықыласына бөленді. Бүгінгі "Рухани жаңғыру" идеясына үлес қосып жүрген бірден-бір азамат. Өзінің қарымы да, көзқарасы да қалыптасқан. Арқалықтан Батырлан Сағынтаев баламыз да әдебиеттегі миссиясын жақсы жалғастырып келе жатыр. Бір сөзбен айтқанда, кейінгі буынның беталысы жап-жақсы.

– Бүгінгі айтыскерлер үшін басты тақырып не болуы керек?

– Қазір елдің әлеуметтік жағдайы жаман емес, ұлттың еңсесі тіктеліп қалды. Ақындардың барлық сөзі еленбегенімен, құлақ түріп, назар бұратындар да бар. Қуантатыны, қазір айтысқа билік көңіл бөле бастады, "Nur Otan" қамқорлығына алды. Бұрында идеологиялық бөлімдердің басшылары айтысқа келіп отыратын. Сол кездегі біздің халыққа тигізген бір пайдамыз – кемшіліктерді батыра сынап, оны жоюға себепші болғанымыз. "Голощекин" стансасы туралы бір айтыста:

Бітпейді кейбір істер бекінбей тек,

Жайлар бар қолға алар өкінбей көп.

Тұр әлі "Голощекин" стансасы,

Тарихтың жыртылмайтын бетіндей боп, – деген едім. Кейін айтқанымыздан нәтиже шығарды ма, станса атауы "Түйелі" болып өзгертіліпті. Қазір тарихи атаулар қайтарылып жатыр ғой, сондықтан бүгінгі ақындардың алдында мұндай мәселелер жоқ. Олардың негізгі қозғайтыны – жастардың тәрбиесі, қазақ қыздарының келбеті, Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласында айтылғандай, ұлттық болмысымыз. Жалпыға ой салатын сөздер көп айтылып жүр. Басты тақырып болатын бір мәселе – дінбұзарлар. Ақындар ислам құндылықтарын дұрыс насихаттауы тиіс. Бұл мәселені бүге-шігесіне дейін талқылап айта алар ақындарымыз баршылық.

– Бекарыс Шойбековпен бертіндегі бір айтысыңызда: "Үйімде айтысар шал болғанымен, сахнада айтысар шал бұйырмады" деп едіңіз. Баяғыда Жамбыл, Нұрхан аталарымыз қартайғанша айтысқан. Ал қазір 40-қа келсе "шалсың" деп тиіседі. Көбісі сахнадан ерте кетіп жатады. Жалпы, айтысты, сахнаны сағынатын кездеріңіз бола ма?

– Әрине. Біздің буын алдымыздағы ағаларымызды аялап, солардың шайын құйып беріп, сахнаға қолтықтап шығаратынбыз. Көйлектерін үтіктеп, түймелерін қадап беретінбіз. Олар сахнадан кету керек деген ой бізде мүлдем болған емес. Имандай шыным. Ал, кейін келгендер бізден қашан құтыламыз деген пікірде жүрген сияқты. Тіпті, бір ақынның "мыналар кетпей, бізге бәйге жоқ" дегенін естігенбіз. Баламызбен жасты Айбектің өзіне "сен сахнадан қашан кетесің?" деп жағадан алатындар да бар. "Жиырма жылдай сахнада жүрдің, кетпейсің бе" деген бір ақынға "Заманың бір болып, Жамбылмен айтыссаң, атамызды да сахнадан қуатын түрің бар ғой", – деп айтқаным бар еді. Өнерден ешкім зейнетке шықпайды. Жамбыл атамыз соңғы рет 96 жасында айтысыпты. Қазіргі жастарда дүниауи пиғыл, материалдық байлыққа қызығушылық басым ба деп қаламын.

Біз кезінде машина мінбей-ақ, Жүрсіннің алақандай мақтау қағазымен оралатынбыз. Сөйтіп, елдің батасына кенелдік. Ал қазір ақынның абыройын ұтқан көлігімен өлшеп, жүлдесін санайтын заман болды. Шын жеңіп алса бірсәрі, ол көлікті туысқаны берді ме, әлде машина мінді деген жай атақ па, соны да ескеріп қойған жөн. Бұдан бірер жыл бұрын ретро-айтыста:

Достасып жүрсем-дағы төзімменен,

Жан едім берілетін сезімге мен.

Сырымды ашып айтсам түндерім көп,

Сағынып сахнаны көз ілмеген, – деген жолдар сондай бір кезеңдерде туған еді. Әсіресе, алғашқы кездері, додаға түсіп жүріп, арқандалған ат сияқты болып қалған кезде айтысты қатты аңсайтынмын. Адам өзі не нәрсеге де көнеді ғой. Біз де көндік. Бәйге үшін бет тырнап, басыңнан аттап кететін ақындардың қылықтарын көргенде, айтысты қойғаным да дұрыс болған екен деген ойға келемін. Бірақ, сондай өрескел қылықтар жас ақындарға абырой әпермейтіні анық. Айтысты тірілтуге үлес қосқан Әселхан, Қонысбай сияқты замандастарым жүрсе, солардың ешқайсының ырысы ыдырап кетпейтін еді.

– Халық ақынысыз, кезінде депутат та болдыңыз. Атақ пен мансап жайында көзқарасыңызды білсек деп едік...

– Голливудтың әлемге аты әйгілі актерлерінің өзінде мемлекеттік дәрежеде берілген атақ жоқ. Тек "Оскар" сыйлығының иесі дейді, болды.

Қай ортада өмір сүріп жатсың, сонда қалыптасқан дәстүрге байланысты сен де бейімделесің. Кеңестік дәуірде атақ беріп үйреткен ортадан шықтық. Алайда, мен өз басым "маған қашан атақ береді?", "мынаны істесем, мадақтай ма екен?" деген оймен ешқашан өмір сүрген жоқпын. Маған не келсе де, тосынсый болып келіп отырды. Мысалы, тоқсаныншы жылы айтысқа барғанымда ойламаған жерден «Халық ақыны» деген атақ берілді. Оған мұрындық болған Жүрсін Ерман деп ойлаймын. Одан кейін "Мәдениет саласының үздігі", "Қазақстанның білім беру саласының құрметті қызметкері" деген атақтарды берді. Бірақ, осы төсбелгілерді тағындым деп, адамдарды алалаған емеспін. Әуелде қалай Әсия болып қалыптастым, сол қалпымда қалдым. А.Грибоедовтың "Ақылдың азабы" деген шығармасында айтқандай, "шен бергенде адамдар қателесуі мүмкін. Сондықтан, атақ-мансап – адам деңгейінің өлшемі емес". Ал, менің аз-мұз еңбегімді елегеніне рахмет. Бұл – балаларым үшін, кейінгі ұрпақ үшін мақтаныш.     

– Сіздің бетке айтып қалатыныңыз бар. Көбісі сескеніп жатады. Осы мінезіңіздің бір ортаға, өзіңізге кесірін тигізген немесе пайда әкелген кезі болды ма?

– "Адамның мінезі – адамның тағдыры" дейді. Мінезің қандай болса, тағдырың сондай болады. Қоғамда, ортада қандай орын алатының көп жағдайда сенің мінезіңе байланысты. Кейде алдыма келген студенттерден домбыра тартуды сұрасам, ұяламын дейді. "Орынсыз ұялма, бірақ ұятсыз болма" деймін оларға. Былайша айтқанда, мінезді болған дұрыс. Есерсоқ, сөздің парқын білмейтін, шам-шатақ шығаратындар нағыз мінезсіз адамдар. Ал, мінезі бар адамға құрмет, көзқарас ерекше.

Мен әжемнің жалғыз немересі болдым. Он төрт бала туған әжемнің 13-і қайтыс болып, менің шешем ғана қалған. Сөйтіп, жалғыз қыздан туған жалғыз бала деп, мені бүкіл ауыл еркелетті. Маған "кейін тұр" деп айтқан адам болған жоқ. Не сұрасам, соның бәрі орындалып жататын. Мектепте, оқу орнында жақсы оқып, қоғамдық жұмыстарға белсене қатыстым. Сол кездері де орталарда ойымды тіке айтып жүрдім. Бетке айтатын мінезім солай қалыптасты. Біреуді мұқатайын, кемсітейін деген ойым жоқ. Алайда, айтып салғаным үшін ешқашан өкінген емеспін. Бұл мінез маған зиянын не пайдасын тигізді дей алмаймын. Кемшілігін мойындамайтын, өзін-өзі мінсіз санайтын адамдар ренжуі мүмкін. Ал, жақын-жуық, дос-жолдастарым, әріптестерім жақсы білгендіктен, мені түсінеді, дұрыс қабылдайды.

– Бірақ, бұл мінезіңіз айтыста көмектескен сияқты...

– Иә. Өйткені, кім көрінген келіп, менімен қылжақтаса алмайды.

Өнер деген – өнеге. Өмір, өнер, өнеге – бұл үшеуі туыс ұғымдар мен үшін. Бір додада қарағандылық Айтбай деген ақын: "Осыншама жасқа келдіңіз, айтысты қойып, намазға бет бұрмайсыз ба?" дегенде:

Інінің өтер еді жайда назы,

Болатын мұндайда інің қайда разы?

Жығам деп сен намазға әуре болма,

Ақынға сахна да жайнамазы, – деп едім. Расында, сахнада барлық жансарайыңды ашып, кім екеніңді көрсетесің. Ол да ақын үшін жайнамаз. Сол жерде отырып, ақиқаттан ауытқымай, әділін айту керек. Міне, мінезім осындай сәттерде көмек болған сияқты. Жеңіл-желпі емес, салиқалы сөздерге жетелегендей.

– Бүгінгі ұрпақ тәрбиесі туралы не айтасыз? Ұлыңыздың өнер жолында жүргенін білеміз. Балаңызды қалай тәрбиеледіңіз? Бүгінгі бала тәрбиесінде аналар нені ескеруі керек деп ойлайсыз?

– Мынадай бір ақылды сөз бар: "Балаңды тәрбиелегің келсе, өзіңді тәрбиеле". Баланың бағдаршамы – ата-ана. Үйде орынды сөз сөйлесе, адал еңбек етсе, ұрпағы да солай өседі. Күнің қыдырумен өтсе, телефонды құлағыңа қыстырып алып, өсек айтсаң, балаң да өсекші, сайранқұмар болып шыға келеді, отбасындағы беделің де төмендейді. Жеткіншекке "былай істе" деп айтса ұқпауы мүмкін, бірақ, сенің көрсеткен үлгіңді қайталайтыны белгілі. Нақыл айтудан гөрі, нақты өнегең маңызды. Біздің отбасында осындай ұстаным. Өзіміздің адал еңбегімізбен, адамдық қарым-қатынасымызбен, балаларымызға тәрбие бердік. Кішкене кездерінде біреудің ойыншығына қызығып үйге алып келсе, "ертең осы сияқты ойыншық алып берем, бірақ, сен мынаны алған жеріңе апар" деп, оны қайтадан орнына қойғанша қарап тұратынмын. Тәрбие осындай ұсақ-түйектен басталады. Ауылда тұрғанда мал бағу жұмысына араластырып, балаларымызды еңбекке баулыдық. Одан қалды, кезекшілікпен үй жинайтын. Ұлдарым төбелесіп жылап келсе, біреудің баласына жекіп, ол үшін ұрысып көрген емеспін. Ал, мұндай жағдайда біреудің баласына тіл тигізіп жататын аналар бар. Ол дұрыс емес. Кішкене кезінен өз мәселесін өзі шешуді үйрету керек. Әрине, бас жарылып, көз шықса басқа әңгіме.

– Бір сұхбатыңызда ауылдағы мәдени ошақтар туралы айтыпсыз. "Басқа мәселелер тұрғанда, оны қайтеміз" деген сыңаржақ пікірлер де жоқ емес қоғамда. Бұған не айтасыз?

– Ауылға мәдениет ошағы керек. Руханият мәселесінен асқан не болуы мүмкін?! Мәдениет жоқ жерде өркениет те болмайды. Бірақ, бізге ең бірінші керегі – ұлттық нақышты сақтаған мәдениет. Қазір экранды қарап отырсаңыз, өздерін жұлдыз санайтын әншісымақтар қаптап кетті. Соларды мәдениетті дамытуға үлес қосып жүр кім айта алады? Әндері де, өздерін ұстауы да ешқандай талапқа сай келмейді. Фонограммасыз күн көре алмайды. Қаншама мың теңгеге билет сатып алған жұртты ауыздарын жыбырлатып алдайды.

Біз өзі артымызға бажайлап қарасақ, біраз нәрседен суынып кеткен екенбіз. Тарихи тұлғаларды былай қоялық, өзінің ата тегін, руын білмейтіндер де бар. "Рухани жаңғыру" бағдарламасы осындай мәселелерді шешуге бағытталған. Оны да толық түсіне қоймағандар кездесіп жатады.

Кез келген қазақ жеті атасын білуі шарт. Неге? Ол – ұлттық код. Жеті атаға дейін неге қыз алыспайды? Өйткені, біздің қанымыз жаңаруы керек. Осы мәселелер ұрпақ тәрбиесінде ескерілуі тиіс.

– Рахмет, Әсия Әйіпқызы! Мерейтойыңыз құтты болсын!

Фото: дереккөз
Загрузка...