АШМ: Заманауи суару жүйелерін шығаратын зауыт салынады

18 Қазан 2021, 14:08
9527
Бөлісу:
АШМ: Заманауи суару жүйелерін шығаратын зауыт салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев хабарлады. Оның айтуынша, су үнемдеу технологияларына қатысты шаралар қабылданатын болады.

Су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, су беруді субсидиялау тетігін жетілдіру жөнінде шаралар қабылданады. Елімізде демонстрациялық фермалар желісін құру және қуаты жылына 1000 қондырғыға дейінгі қазіргі заманғы суару жүйелерін шығаратын зауыт салу жобасы іске асырылады. Бұл су үнемдеу технологиялары қолданылатын алаңдарды 450 мың гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді, - деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Сонымен қатар импортқа тәуелділікті төмендету және мал шаруашылығы өнімінің экспортын арттыру мақсатында қарқынды мал шаруашылығына көшу жалғастырылатын болады. Ол үшін фермерлік шаруашылықтарға мал сатып алуға кредит беру көлемін ұлғайту, азық өндірісін ынталандыру, шалғайдағы мал шаруашылығын және жайылымдардың инфрақұрылымын дамыту жоспарланып отыр. Сондай-ақ селекцияның қазіргі заманғы әдістерін, оның ішінде жасанды ұрықтандыру мен эмбриондарды телуді енгізуді ынталандыру да қамтылады.

Бұл өңдеуші кәсіпорындардың қуаттылықтарын 100% жүктемемені қамтамасыз етуге, сондай-ақ мал мен құстың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұлар жоғары сапалы тұқымдарды, минералды тыңайтқыштарды, заманауи техника мен технологияны, суармалы егіншілікті және т.б. қолдану болып табылады. Тұқым шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру, тұқымдарды қадағалау жүйесін құру, сондай-ақ тұқым өсіру шаруашылықтарын қазіргі заманғы техникамен және жабдықтармен техникалық жарақтандыру есебінен дамыту жоспарланып отыр, - деп атап өтті Ербол Қарашөкеев.

Еске сала кетейік, бұған дейін елімізде дәнді дақылдардың өнімділігі 10-15%-ға артатыны туралы жазған болатынбыз.



Өзгелердің жаңалығы