АШМ: Сөрелердегі тауық өнімдері қауіпсіз

1 Қазан 2020, 16:02
1395
Бөлісу:
 АШМ: Сөрелердегі тауық өнімдері қауіпсіз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сауда орындарындағы тауық өнімдері қауіпсіз. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолданов мәлімдеді.

Оның айтуынша, сауда орындарына жөнелтілетін құс фабрикасының өнімдеріне алдымен ветеринарлық анықтама беріледі. Тек содан кейін өнім сауда орындарына жол тартады. 

Сауда орындарында да сөрелерге жетпес бұрын Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық эпидемиологиялық қызметінің тексеруінен өтіп, зертханалық сынама алынады. Сауда орындарына құс тұмауына шалдыққан тауықтардың өнімі кірген жоқ деп айтуға толық негіз бар. Халық оларды қорықпай тұтына берсе болады, - деді Тұрсын Қабдолданов.

Сондай-ақ ол брифинг барысында жеке аулалардағы құстарға да ветеринарлық тексеру жүргізілетінін атап өтті. Оның айтуынша, кез келген факт бойынша зерттеу жүргізіледі. Құс тұмауының елді мекендерде таралып кетпеуінің алдын алу шараларына тұрғындар да үлес қосулары керек. Аулада болған жағдай ветеринарлық қызметке хабарлануы тиіс. 


Өзгелердің жаңалығы