Бас жаңалықтар
АШМ басшысы Тамақ және өңдеу өнеркәсібі комитетін құруды ұсынды
14 Шілде 2020, 10:42 184

АШМ басшысы Тамақ және өңдеу өнеркәсібі комитетін құруды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.  Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров министрлікке қарайтын Тамақ және өңдеу өнеркәсібі комитетін құруды ұсынды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуін болдырмау мақсатында ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі нарықты молықтыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Импорт алмастыруды ескере отырып, инвестициялық жобаларды іске асыру жөнінде айқын жоспар әзірленді.Сақтау инфрақұрылымы бойынша қазір республикада 27 млн тонна сақтау сыйымдылықтары, оның ішінде 189 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны бар. Алайда шағын және орта фермерлерге арналған 10 мың тоннаға дейінгі кішігірім астық қоймаларының мәселесін шешу керек. Мұндай тәжірибе АҚШ пен Канадада бар, біз де бұл бағытта мемлекеттік қолдау шараларын енгізуді жоспарлап отырмыз, - деді ол. 
Министр маусымаралық кезеңде қазіргі заманғы көкөніс сақтау орындары мен жеміс сақтау орындары (1,9 млн тоннаға 1 249 бірлік) жетіспейтінін айтты. 

Бұл үшін заманауи сақтау орындарын салуға жеңілдетілген кредит беру және инвестициялық субсидиялау жүзеге асырылуда.Агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін іске асыруға қатысты сыртқы нарықтардың конъюнктурасы зерттеледі. Көлік шығындарын субсидиялаумен қатар, экспорттық өнімді сертификаттауға жұмсалған шығынға өтемақыны енгізу, сондай-ақ, отандық ауыл шаруашылығы өнімін жылжытудың жаңа тиімді маркетингтік құралдарын енгізу пысықталатын болады. Импорттаушы елдердің нарықтарына егжей-тегжейлі шолу жасай отырып, «экспорттық гидтердің» үлгілік жүйесін енгізу жоспарланып отыр, - деді ол. 
Министр ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуде бірыңғай саясатты қалыптастыру үшін тиісті функциялар мен қажетті штат санын бере отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамында Тамақ және өңдеу өнеркәсібі комитетін құруды ұсынатынын айтты.
Сондай-ақ, Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың келесі кезеңге арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасында Шикізат және өңдеу салаларын дамыту жөнінде бірыңғай тәсілдеме көзделетін болады. Жер мәселелеріне қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігі Президент Әкімшілігі Қауіпсіздік Кеңесінің талдамалық тобымен бірлесе отырып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланудың әлемдік тәжірибесіне талдау жасады. Кеңінен талқылауға шығарылатын бірқатар ұсыныс әзірленді, - деді ол.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...