Парламентаралық Ассамблеяның ынтымақтастықты нығайтуда маңызы зор – Әшімбаев

28 Қараша 2020, 09:31
1261
Бөлісу:
Парламентаралық Ассамблеяның ынтымақтастықты нығайтуда маңызы зор – Әшімбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің отырысы мен ұйымның 51-ші жалпы отырысы онлайн түрде өтті. Оған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев және Парламент депутаттары қатысты, деп хабарлады ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.

Отырысқа қатысушылар ТМД елдерінің пандемиямен күрес бойынша қабылдап жатқан заңнамалық шараларды, сондай-ақ Еуразиялық кеңістіктегі экономикалық ынтымақтастық және оны нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Отырыс барысында ТМД ПАА Кеңесінің төрағасы сайланды.

Мәулен Әшімбаев Қазақстан Парламенті делегациясының атынан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аясындағы парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан зор үлесін ескере отырып Валентина Матвиенконы ТМД ПАА Кеңесінің төрағасы қызметіне қайта сайлауды ұсынды. Қатысушылар бұл ұсынысқа қолдау білдірді. Мәулен Әшімбаев өз сөзінде ұйымның жұмысын жоғары бағалады.

Бүгінде Парламентаралық Ассамблея біздің елдеріміз арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуда маңызды рөл атқарады. Ол халықаралық деңгейдегі сындарлы диалог пен өзара іс - қимылдың қажетті алаңына айналды, - деп атап өтті Сенат төрағасы.
Күн тәртібінде сондай-ақ ТМД елдерінің мемлекеттік билік органдарына алдағы жылғы сайлауды байқауға дайындық мәселелері талқыланды.

Мәулен Әшімбаев Қазақстанда Парламент Мәжілісі мен жергілікті өкілді органдар – мәслихатқа сайлау 2021 жылдың 10 қаңтарында өтетіні туралы қатысушыларды хабардар етті. Ол ТМД ПАА-дағы әріптестерінің өкілдерін сайлауға байқаушы ретінде жіберуге шақырды.

Сенат төрағасы соңғы уақытта Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша саяси салада елеулі өзгерістер жүзеге асып жатқанын атап өтті.

Олар, атап айтқанда, еліміздің сайланбалы органдарында түрлі әлеуметтік топтар өкілдерін көбірек қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мәселен, партиялық тізімдерге әйелдер мен жастарға отыз пайыздық квота енгізілді. Бұл жас ұрпақ пен әйелдердің Парламент пен мәслихаттар қызметіне көбірек қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы Қазақстандағы парламенттік оппозицияның жаңа институты туралы да айтты.

Еліміз Президентінің бастамасы бойынша парламенттік оппозиция институты заң жүзінде бекітілді. Мәжіліске өткен оппозициялық партияларға комитеттер құрамында басшылық лауазымдарды атқару құқығына кепілдік берілген. Онда Мәжілістегі бір тұрақты комитеттің төрағасы мен екі комитеті хатшысының лауазымдары туралы айтылып отыр. Парламенттік оппозицияға парламенттік тыңдауларға бастамашылық жасау, балама заң жобаларын енгізу және Мәжілістегі үкімет сағатының күн тәртібін әзірлеу мүмкіндігі бекітіледі, - деді Мәулен Әшімбаев.
Сол күні ТМД ПАА-ның 51-ші жалпы отырысы болды. Онда қатысушы елдердің парламентшілері ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Мәдени мұра нысандарын сақтау туралы конвенцияның жобасын, сондай-ақ бірқатар үлгі кодекстер мен заңдарды қарады. 

Өзгелердің жаңалығы