Әшімбаев: Республикалық бюджеттің әр теңгесі орнымен бөлініп, тиімді жұмсалуы тиіс

5 Мамыр 2022, 16:12
1803
Бөлісу:
Әшімбаев: Республикалық бюджеттің әр теңгесі орнымен бөлініп, тиімді жұмсалуы тиіс

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында палата төрағасы Мәулен Әшімбаев әріптестерін сыртқы қарызды көбейте бермей, бар қаражатты дұрыс пайдалануға шақырды.

Қазіргі таңда бәріміз «Жаңа Қазақстанды» құруға белсенді кірісіп жатырмыз. Бұл жолда барлық салада жаңа қадам, тың көзқарас қажет екені анық. Соның ішінде республикалық бюджетті қалыптастыруда да жаңа тәсілдер керек деп есептейміз. Президент айтқандай, «Жаңа Қазақстан» дегеніміз – ең алдымен әділетті Қазақстан, - деді Сенат төрағасы.

Ол бюджетті қалыптастыру ашық, әділ, тиімді жүргізілуі тиіс екеніне тоқталды. Бұл – халықтың талабы және Мемлекет басшысының жүктеп отырған басты міндеті.

Бөлінетін қаржының және жоспарланған жұмыстың нақты нәтиже беруі маңызды. Республикалық бюджеттің әр теңгесі орнымен бөлініп, тиімді жұмсалуы тиіс. Ұлттық қордың да қаржысын дұрыс пайдаланған жөн. Бюджет дефицитін сырттан қарыз алып, қаржыландыру мәселесін де пысықтаған абзал. Қарызды көбейте бермей, бар қаражатты дұрыс пайдаланайық, - дейді Сенат төрағасы.

Әшімбаев атағандай, бюджетті қараған кезде нәтиже бермейтін науқандық іс-шараларды қаржыландыруға жол берілмеуі керек. Бұл мәселені депутаттар бақылауда ұстайды.

Қазір бүкіл әлем тығырыққа тіреліп тұр десек артық болмайды. Мұндай сәтте бар қаржыны оңды-солды шаша бермей, республикалық бюджеттің тиімділігін арттыруымыз қажет, - деп түсіндірді ол Сенатта.

Өзгелердің жаңалығы