Бас жаңалықтар
Әшімбаев: Ортақ тарихи таным – біртұтас ұлттық сана қалыптастырады
28 Мамыр 2021, 12:37 1951

Әшімбаев: Ортақ тарихи таным – біртұтас ұлттық сана қалыптастырады

Нұр-Сұлтан, BAQ,KZ тілшісі. Қазіргідей сын-қатерлер заманында елдігімізді мызғымастай берік ету – біздің басты міндетіміз. «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» жинағының таныстырылымында ҚР Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деді.

Сол үшін оның қадіріне жете білуіміз қажет. Ал Тәуелсіздікті қадірлеп, ұлықтау төл тарихымызды және оның шешуші кезеңдерін терең танудан басталады. Ашаршылық тақырыбын зерттеу - тәуелсіз тарихи сана қалыптастыруға ықпал етеді. Ортақ тарихи таным біртұтас ұлттық сана қалыптастырады, – деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, мұның бәрі мемлекеттігімізді және тәуелсіздігімізді күшейтетін шешуші факторлар екені анық.

Біздің жүріп өткен жолымызда өрлеген кезеңдер мен тақсіретке толы дәуірлер аз емес. Олардың әрқайсысы ұлтымыздың қалыптасуына өз әсерін тигізді. Сондықтан өткенімізді терең пайымдап, озық тұсымыздан өнеге тауып, қиналған сәттерден қорытынды шығару үшін тарихымызды тыңғылықты зерттеу қажет. Бұл бүгінімізді бедерлеп, болашағымызды бағдарлау үшін аса маңызды. Біздің ашаршылық тақырыбын жүйелі зерделеуіміздің себебі осы айтылғандардан бастау алады, – деді ол.

Ол бұл орайда, әуелі, ғылыми көзқарасқа басымдық берген абзал екенін айтты.

Себебі халқымызға ашаршылықтың ащы ақиқатын ғалымдарымыз ғана ашып, дәлелді түрде жеткізе алады. Мұны үнемі назарда ұстағанымыз жөн. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда елімізде бұл бағытта ауқымды жұмыстар іске асырыла бастады. Солардың бірі ретінде ақпан айында Сенаттың ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелді айтуға болады, – дейді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, шара барысында Мәулен Әшімбаев алапат қасіреттің салдарынан халқымыздың тең жартысы қырылғанын, кезінде ашаршылыққа қатысты құжаттар ғалымдар үшін қолжетімсіз болғанын айтты.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...