Мемлекеттік тілде жақсы баяндама жасадыңыз: Әшімбаев вице-министр Панға риза болды

21 Мамыр 2020, 11:32
2479
Бөлісу:
Мемлекеттік тілде жақсы баяндама жасадыңыз: Әшімбаев вице-министр Панға риза болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Сенатының жалпы отырысында сайлау туралы мемлекеттік тілде баяндама жасаған Әділет вице-министрі, қазіргі уақытта министрдің міндетін атқарушы Наталья Панға төраға Мәулен Әшімбаев риза болды.

Сенаттың жалпы отырысында "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы" конституциялық заңы мен "Саяси партиялар туралы" заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы" заңы қабылданды.

Заң жобасында партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін кемінде 30 пайыз мөлшеріндегі квотаны енгізу және саяси партияларды құру үшін қолданыстағы сандық тіркеу талабын екі есе төмендету ұсынылады. Осы мақсатта, біріншіден, сайлау туралы конституциялық заңда саяси партиялар тіркеуге ұсынған партиялық тізімдерде әйелдер мен жастарға арналған міндетті квоталардың болуы туралы талап қойылады, - дейді Наталья Пан.

Оның айтуынша, бүгінде әлемдегі мемлекеттердің басым бөлігі әйелдер мен жастардың сайлау процесіне тең қолжетімділігіне кепілдік беру үшін қажетті шаралар қабылдауда. 

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы атап өткендей, біз жастардың Парламентке және жергілікті өкілетті органдарына келуіне ықпал етуге тиіспіз. Сондықтан біздің қоғам үшін әйелдер мен жастар жақсы әлеуметтік және саяси әлеуетке ие. Осыған орай, халықаралық тәжірибе аясында ұсынылып отырған жаңа нормалар әйелдер мен жастарды елдің қоғамдық-саяси процестеріне белсенді тартуға мүмкіндік беретін болады, - дейді әділет министрінің міндетін атқарушы.

Ал екіншіден, енді саяси партияны тіркеу үшін оның құрамында қырық мың емес, жиырма мың мүшесі болса жеткілікті. Осы бағыттағы түзетулер Саяси партиялар туралы заңда көзделіп отыр. 

Бұл ұсыныс саяси партияларды құру тәртібін жеңілдетеді. Сондай-ақ, мемлекеттік шешімдерді әзірлеу және қабылдау процестеріне оң әсерін тигізеді.  Ұсынылып отырған заң жобалар әр түрлі алаңдарда мақсатты топтармен қаралды. Атап айтқанда, заң жобалары Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен, саяси партиялардың өкілдерімен және жастармен кеңінен талқыланды. Жалпы, осы заңнамалық бастамалар әйелдер мен жастарды қоғамның саяси өміріне белсене қатысуға, сондай-ақ көппартиялық жүйені одан әрі қалыптастыруға оң ықпалын тигізетін болады, - дейді Наталья Пан.

 Әділет министрінің міндетін атқарушы Наталья Панның мемлекеттік тілде баяндама жасағанына Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен депутат Дана Нұржігіт риза болып, алғыстарын білдірді.

Өзгелердің жаңалығы