Бас жаңалықтар
Әшімбаев: Бұл – бүкіл әлем спорты үшін ауыр қайғы
02 Тамыз 2020, 18:28 835

Әшімбаев: Бұл – бүкіл әлем спорты үшін ауыр қайғы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әйгілі палуан, қазақ спортының алыбы, Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың қазасы баршамыздың қабырғамызды қайыстырып кетті, деп жазды Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Бұл - тек қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл әлем спорты үшін ауыр қайғы. Өйткені Жақсылық ағамыз – есімі әлемдік спорттың тарихына алтын әріппен жазылған тұлға. Ағамыз өмірінің соңына дейін ұлттық спортты өркендетуге қызмет етіп, талай тарланымыздың топ жаруына септігін тигізген жан. Отанды сүюдің озық үлгісін көрсеткен Жақсылық Әмірәліұлының ғибратты ғұмыр жолы мен игілікті істері өскелең ұрпақ үшін әрдайым өнеге болып қалады, - деді ол.

Сенат төрағасы спортшының туған-туыстарына көңіл айтты.

Жақсылық ағамыздың отбасы мен ағайын-туысына орны толмас қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын, - деді ол.
Айта кетейік, бүгін Әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің қайтыс болғаны мәлім болды. 

Бүгін кешкі сағат 20:00-де Qazaqstan ұлттық телеарнасынан Қазақстанның Еңбек Ері, грек-рим күресінің палуаны, Әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіровтің өмірі туралы баяндайтын "Жақсылық" көркем фильмі көрсетіледі.

Мәдениет және спорт министрі Жақсылық Үшкемпіровтың отбасына көңіл айтты.

Фото: дереккөз
Загрузка...