Әшімбаев: Карантиннен кейін бүгін қайтадан қалыпты жұмыс форматына көштім

11 Мамыр 2021, 12:50
1029
Бөлісу:
Әшімбаев: Карантиннен кейін бүгін қайтадан қалыпты жұмыс форматына көштім

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың соңғы тапсырған екі ПТР сынамасының нәтижесі ойдағыдай болып, індеттен жазылып шықты. Бұл туралы ол facebook-тегі парақшасында жазды.

Соңғы тапсырған екі ПТР сынамасының нәтижесі ойдағыдай болып, індеттен жазылып шықтым. Соған байланысты екі аптаға жалғасқан карантиннен кейін бүгін қайтадан қалыпты жұмыс форматына көшкенімді хабарлаймын. Жалпы, осы уақыттың ішінде бойымда аурудың ешқандай белгілері байқалған жоқ. Сондықтан жұмысымды тоқтатпай, қашықтан атқарып отырдым, - деп жазды ол.

Ол жылы лебіз айтып, қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын жеткізді.

Осы ретте жылы лебіздеріңізбен қолдау көрсетіп, тезірек сауығып кетуіме тілектестік білдірген баршаңызға алғысымды жеткізгім келеді. Мен үшін мұның маңызы зор. Алдымызда елдік мүдде жолында атқаратын әлі талай ауқымды міндеттер тұр. Соларды іске асыру кезінде де өздеріңізбен үнемі байланысты боламыз деп сенемін. Өкінішке қарай пандемия қаупі әлі сейілген жоқ. Сондықтан сақтық шараларын ұстанып, медицина қызметкерлері мен мамандардың ұсынымдарын барынша орындауымыз керек. Бұл – өзімізбен бірге туған-туыстарымыз үшін де аса маңызды. Баршаңызға зор денсаулық тілеймін! Аман болыңыздар, - деп жазды Әшімбаев. 

Өзгелердің жаңалығы