Бас жаңалықтар
Әшімбаев: BAQ.KZ-тің ұлттық құндылықты дәріптеу жолындағы қызметін ерекше атап өткен жөн
26 Қараша 2020, 09:30 140

Әшімбаев: BAQ.KZ-тің ұлттық құндылықты дәріптеу жолындағы қызметін ерекше атап өткен жөн

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев BAQ.KZ ақпарат агенттігінің ұжымын мерейтоймен құттықтады.

Құрметті BAQ.KZ ақпарат агенттігінің ұжымы! Сіздерді агенттіктің 10 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары арасында BAQ.KZ порталының беделі – зор, мәртебесі – биік. Осы уақыт аралығында сіздің агенттік елімізде болып жатқан оқиғалар мен жаңалықтарды халыққа жеткізіп, жедел ақпарат таратудың озық үлгісін көрсете білді. Ашылған күннен бастап интернет кеңістігінде қазақтілді БАҚ-ты дамытуға үлкен үлес қосып келесіздер. Сол арқылы мемлекеттік тілдегі ақпарат агенттіктерінің ықпалын күшейтіп, осы саладағы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға зор еңбек сіңірдіңіздер, - деді Әшімбаев.

Сенат төрағасы агенттіктің тәуелсіздікті нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, елдің береке-бірлігін арттыру жолындағы қызметін де ерекше атап өтті.

BAQ.KZ өңірлік басылымдардың web-сайттарын өркендету жолында тың бастамаларды қолға алып, сәтті іске асырғанын бәріміз жақсы білеміз. Порталдың тәуелсіздікті нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, елдің береке-бірлігін арттыру жолындағы қызметін де ерекше атап өткен жөн. Осы бағыттағы игілікті істеріңіз бен жаңа жобаларыңыз әрдайым оқырман қауымның жоғары бағасына ие болды. Қоғамдағы өзекті мәселелерге көпшіліктің назарын аударып, оларды оң шешуге ақпараттық тұрғыдан қолдау көрсету ісінде де BAQ.KZ-тің шоқтығы биік. Жас, кәсіби, өз істеріне адал, білікті мамандардан құралған ұжым алдағы уақытта бұдан да зор жетістіктерге қол жеткізеді деп сенемін және соған тілектеспін. Қазақ журналистикасын дамыту жолындағы жұмыстарыңыз табысты, оқырмандарыңыз көп болсын! Барша BAQ.KZ ұжымына мықты денсаулық, бақ-береке және шығармашылық табыс тілеймін!, - деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, BAQ.KZ ақпарат агенттігі Мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту және тілдерді қолдану мен дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында 2010 жылдың қараша айында құрылды

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев атаулы күнмен редакция қызметкерлерін құттықтап, министр Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді. Сондай-ақ редакция ұжымын министрдің алғыс хатымен марапаттады. Оның ішінде агенттіктің шығарушы редакторы Самал Алманова «Ақпарат саласының үздігі» медалімен, бас редактор Мөлдір Бекбергенова мен аймақтық желі редакторы Назым Бөлесова және BAQ.KZ тілшісі Ержан Жаубай алғыс хаттармен марапатталды.

Бұдан бөлек 10 жылда порталдың жұмысына өз үлестерін қосқан бас редакторлар BAQ.KZ-тің тарихымен бөліскен еді.


Фото: дереккөз
Загрузка...