Әшімбаев: Әлемде жұмыссыздық, әлеуметтік теңсіздік, қылмыс сияқты келеңсіздіктер көбейді

6 Қазан 2021, 10:50
6257
Бөлісу:
Әшімбаев: Әлемде жұмыссыздық, әлеуметтік теңсіздік, қылмыс сияқты келеңсіздіктер көбейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі XIX Хатшылығының отырысында Парламент Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев айтты.

Коронавирус пандемиясы адамдардың қалыпты өмірін өзгертіп қана қоймай, әлі күнге дейін әлемнің дамуына кері әсерін тигізуде. Бүгінде COVID-19 індетінен әлем бойынша 4,5 млн адам көз жұмды. Одан бөлек, ондаған миллион адамның денсаулығы сыр берді. БҰҰ деректері бойынша 2020 жылы әлемдік экономика 4,3%-ға қысқарған. COVID-19 салдарынан әлемдік экономикаға келген шығын 3,5 трлн доллардан асқан, - деді ол.

Сенат төрағасы атап өткендей, дүниежүзінде әрбір үшінші жұмыс беруші жұмыс сағатын, ал шамамен әрбір бесінші жұмыс беруші жұмысшыларын қысқартуға мәжбүр болған. Соның салдарынан көптеген елде проблемалар ушығып кетті. Жұмыссыздық, әлеуметтік теңсіздік, қылмыс сияқты келеңсіздіктер көбейді.

Дүниежүзілік банк есебі бойынша кедейлік деңгейінде өмір сүретін адамдардың санын тағы да шамамен 100 млн-ға көбейткен. Азық-түлік бағасының өсуі мен инфляция бағасы төмен елдердегі азық-түлік қауіпсіздігіне айтарлықтай зардабын тигізді. БҰҰ-ның бағалауына сәйкес пандемия салдарынан әлемде ашығуға мәжбүр адамдардың саны 83 млн-нан 132 млн-ға өсуі ықтимал. Осындай жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұру кезінде ынтымақтастық пен өзара іс-қимылға ешқандай балама жоқ. Пандемияның басты сабақтарының бірі осы болуы керек. Сонымен қатар қоғамда рухани, адамгершілік құндылықтарды кеңінен дәріптеу де маңызды, - деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Өзгелердің жаңалығы