Павлодар облысында Ащысу өзені тазартылып, арнасы реттеледі

18 Мамыр 2019, 13:19
6072
Бөлісу:
Павлодар облысында Ащысу өзені тазартылып, арнасы реттеледі
Фото: автордан

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Ертіс өңіріндегі 300-ге жуық өзен-көл тереңдетіліп, арнасы тазартылмақ. Экологиялық шара шеңберінде облыс аумағындағы Ертіс өзені, Қаныш Сәтбаев атындағы арна, сонымен қатар, Баянауыл ауданындағы Ащысу өзені бар.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы мамандарының хабарлауынша, қазіргі уақытта «Ащысу» өзенін тазарту және табанын тереңдету, сонымен қатар, Баянауыл ауданының елді мекендерін су тасқынынан қорғау жобасы жүзеге асырылуда. Себебі Баянауыл өңірінде жыл сайын су тасқыны салдарынан өлкедегі ауыл тұрғындарына қауіп төніп, ғимараттар мен жолдар бұзылады.

«Осыған орай су тасқынының салдарын жоюмен қатар, су массасының бағытын өзгерту қажеттілігі туындайды. Ащысу өзені еріген қар суы салдарынан арнасынан шығып кетеді. Жағасы бұзылып, негізгі бағыты өзгеріп кетеді. Мәселені шешу мақсатында арнасының бағытын реттеу, түбін тереңдету және жағасын бекіту шаралары қолға алынады», - дейді басқарма маманы Аңсар Әлешов.

Айта кетейік, Ащысу өзені Қарағанды облысынан бастау алып, Жаркөл тұзды көліне құйылады. Су артериясының ұзындығы 276 шақырым болса, Ертіс өңірінің аумағындағы ұзындығы 270 шақырымды құрайды. Жыланбұлақ, Қырғын, Айырық, Қарасу, Ақсу сияқты негізгі салалары бар.

Жоба ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «2020 жылға дейінгі су тасқыны қаупін жою және алдын алу» аясындағы жол картасына енгізілген.

Павлодар облысында Ащысу өзені тазартылып, арнасы реттеледі

Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 13 елді мекенде қызыл судың қаупі сейіледі. Бұл ауылдарда 1519 тұрғын үй мен 7 мыңға жуық халық бар.

«Сонымен қатар, аудан аумағындағы 6,7 мың гектарлы лиманды суармалы жерлердің жағдайын жақсартып, мал азығының өнімділігін арттыруға сеп болмақ. Ал Баянауыл ауданында 112 шаруа қожалығы бар. Олардың қарамағында 51,2 мың ірі қара мал бар», - дейді Аңсар Әлешов.

Еске салсақ, Баянауыл ауданындағы бірнеше ауылға жыл сайын су басу қаупі төнеді.

Өзгелердің жаңалығы