Ашаршылықтың өз деңгейінде зерттелмей жатқаны мені толғандырады - депутат

31 Мамыр 2020, 16:36
2569
Бөлісу:
Ашаршылықтың өз деңгейінде зерттелмей жатқаны мені толғандырады - депутат
EX

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты, заң ғылымдарының докторы Нұрлан Дулатбеков бірнеше жылдан бері КарЛАГ тақырыбымен айналысып келеді. Ол жиырмадан аса кітаптар мен мақалалар дайындап, шығарған. 31 мамыр саяси қуған-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында осы тақырыпта бір-екі сауал қойған едік.

"Ахтастағы Ахико"

Осыдан 4 жыл бұрын Нұрлан Дулатбековтың идеясымен драматург Мәдина Омарова "Ахтастағы Ахико" деген пьеса жазған болатын. Бұл 15 жасында жазықсыз жазаланып, балалық шағын ҚарЛАГ түзету лагерінде өткізген жапон баласы Ахико Тэцуро мен Алаш арыстарының басынан өткерген азапты ғұмырын бейнелеген шығарма.
Нәубәт жылдарында тек Қазақстанда 1 миллионға жуық әскери тұтқындар, саяси қуынға-сүргінге ұшырағандар лагерьде отырды. Олардың арасында жапон азаматы Ахико Тэцуро да Қарағанды облысының Ақтас қаласына жер аударылды. Сол туралы ойларымды айтып, идеяны қағазға түсіргенбіз. Оны Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театр сахналады. Кейін Жапонияда көрсеттік. Күншығыс елі ерекше қызығышулықпен қабылдады. Басты кейіпкерімізді де ертіп апардық. Ахико өмірде бар адам. Қазір жасы 91-ге жақындады. Бір кездері Жапонияға көшіп кеткенімен, Қазақстанды қимай, елге оралған болатын. Осында тұрып жатыр, – дейді Нұрлан Дулатбеков.

Орталық Қазақстандағы лагерьлер

Қазақстанда ірі әрі қасіретке толы КарЛАГ, СтепЛАГ, АЛЖИР және ГУЛАГ-тың басқа да құрылымдары жұмыс істеді. Репрессиялау және түзету функцияларынан басқа, лагерьлер – тұтқындардың тегін еңбегінің арқасында өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамыту аймағы болды.  Негізінен лагерьлерде Орталық Қазақстанда құрылды. Қарағанды еңбекпен түзету лагері (КарЛАГ) бірнеше бөлімшелерден тұрды:  СтепЛАГ, АЛЖИР, ПесчанЛАГ, СпасскЛАГ және т.б.

Нұрлан Дулатбеков неліктен Орталық Қазақстанда саяси лагерьлер көп болғанын былай түсіндірді:
 Аз ғана халық тұратын үлкен территория, бай табиғи ресурстар болғандықтан Орталық Қазақстанға жұмыс күші керек болды. Сондықтан саяси тұтқындардың еңбегін пайдаланды. Тұтқындар Сталиннің социализм құру туралы бағдарламасын жүзеге асыруда өз үлестерін қосатын арзан жұмыс күшінің рөлін атқарды. Мысалы, СтепЛАГ тұтқындары да елдің жалпы өндірістік әлеуетін көтеруге атсалысты.  Соғыстан кейін фабриканың, ЖЭО, Кенгір су қоймасындағы бөгеттің және Жезқазған қаласының құрылысына көмектесті, – дейді депутат.

Қашан ашаршылық геноцид деп мойындалады?

1915 жылы "Осман империясы 1 млн армянды аяусыз қырып-жойды" деген дерек бар. Мұны 20-ғасырдың алғашқы геноциді деп атайтындар көп. Жылда сәуір айында бұл тақырып қызу талқыланып жатады. Түркия үкіметі "армяндар геноцидін" мойындаған жоқ. Бірақ жер шарының бірнеше мемлекеті Осман империясы кезіндегі армян геноцидін растайды. Ал қазақ халқы тарихи фактілер бола тұра геноцидті неге мойындата алмай жүр?

Аштық пен репрессия халық санын жасанды азайту, көзі ашық азаматтардың көзін жою үшін ұйымдастырылды. 1916-1933 жыл аралығында 4 миллионға жуық қазақ Сталин, Голощекин жендеттерінің қолдан жасаған аштығынан қырылды. Осы тақырып неліктен жоғары мінбелерден айтылмай жүр. Дулатбековтің пікірін сұрап көрдік.

Бұл мәселе әртүрлі көзқарас қалыптасуы мүмкін. Менің ойымша, осыған анық деректерді табуымыз керек. Мәселен, саяси репрессия осы уақытқа дейін зерттеліп келді, бірақ қазақ халқына тән ашаршылықтың өз деңгейінде зерттелмей жатқаны мені толғандырады. Сол нәубеттен қазақ халқының жартысына жуығы қаза табуы бәріміздің қабырғамызды қайыстырып, жүрегімізді ауыртады. Осыны дәлелдеп, баға беретін ғылыми еңбек, монография жаздық па? Осы бағытта көп жұмыс істеуіміз керек. Қазіргі пандемиия жағдайына қарамастан осы тақырыпты тағы бір елеп-екшеп, көрсетуіміз дұрыс болды деп ойлаймын,– дейді дейді заң ғылымдарының докторы.

Ол саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу 1997 жылдан бері біздің мемлекетімізде кешенді түрде жүзеге асырылып келе жатқанын айтты. 

Біз әрқашан тарихтан сабақ алуымыз керек. Тарихымыздың жақсы жақтарын ғана емес, көлеңкелі жақтарын да зерделей білсек – үлкен мақсаттарға жететін жолды ашамыз, – дейді депутат.

Айтпақшы, ол былтыр Мәжілістің жалпы отырысында сол кезде үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың атына қуғын-сүргін құрбандарын еске алатын күннің мән-мағынасы туралы депутаттық сауал жолдаған болатын.
КСРО ыдырап, егемендік алғаннан кейін мемлекеттер мен ұлттар қанды террордың зардаптарын талдап, одан тағылым алуға және осы оқиғаларды қазіргі заманғы демократиялық қоғам тұрғысынан баға беруге тырысады. Өздерінің өткеніне көз жүгіртеді. Өкінішке қарай, қуғын-сүргін, жер аудару құрбандарының, лагерь тұтқындарының тағдыры туралы толығырақ білу көпшілік жағдайда мүмкін бола бермейді. Қазіргі уақытта көптеген құжаттар Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің басқармаларында жатыр. Сондықтан 80 жылдан астам уақыт бойы ұзақ сақталған көптеген архивтік құжаттар қазірдің өзінде жарамсыз, оқу қиын. Себебі, жазбалардың сиясы бірте-бірте өшіп, күңгірттенген.Ғалымдарымыздың аталған құжаттарды белсенді түрде зерделеуіне рұқсат беру керек. Бәрімізге көршілес мемлекеттердің тәжірибесі белгілі, ол елдерде кеңестік кезеңнің архивтік материалдары мен құжаттары ашылып, ғылым өкілдерінің оларды белсенді түрде зерделей отырып, терең тұжырымдар мен қорытындылар жасауына мүмкіндіктері бар, – дейді Нұрлан Дулатбеков.

Оның айтуынша, саясм қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнін өткізудің бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеу қажет.

Осы ретте ұсыныстары:

• Теледидар мен радиодағы бүкіл ойын-сауық контенті шектеліп, кез келген концерттік және өзге де іс-шаралар өткізілмей, көңіл көтеретін орындар жабылуы тиіс;
• Архивтік материалдарды еркін зерделеу, ғалымдардың архивтік құжаттарды талдау және жариялау мүмкіндігін алуы, конференциялар, симпозиумдар өткізу үшін жағдай жасай отырып, сол жылдардағы оқиғаларды объективті әрі толық зерттеу. Қуғын-сүргінге ұшыраған және қайтыс болған отандастарымыздың атын қалпына келтіру, ал қажет болған жағдайда, оларды ақтау жөніндегі жұмысты жалғастыру;
• Адамдар жаппай қырылған және жерленген барлық орындарды тегіс айқындап, анықтау, шын мәнінде, бұл лагерлер және жер аударылған халық қоныстанған аумақтар. Ашаршылық жылдары жермен жексен болған қазақ ауылдары. Ата-бабаларымыз, әкелеріміз, аналарымыз, аға-әпкелеріміз өмір сүрген орындар. Осындай барлық жерлерде мемориалдық кешендер орнату және оларды еліміздің қасиетті географиясына қосып, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын ортақ еске алу музейіне біріктіру қажет;
• Еліміздің тарихын білім беру ұйымдарында оқытуды қайта қарау, бұл жерде Қазақстан тарихының орнына оқу бағдарламаларына енгізілген Қазіргі заманғы Қазақстан тарихы курсын оқыту туралы мәселені егжей-тегжейлі қараған жөн;
• Музейлерге туристік салаға және туристік бизнеске толыққанды қатысуға мүмкіндік беру керек, сол кезде экспозициялардың мазмұны мен сапасы, олардың ғылыми және тарихи құндылығы азаматтарымыздың дүниетанымын қалыптастыруға, елімізге туристер мен ғалымдарды тартуға жол ашып, Қазақстанның демократиялық және ашық мемлекет ретіндегі беделін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Өзгелердің жаңалығы