Әсел Айтпаеваның анасы: Қызымды өлтіріп, терезеден лақтырып жіберген

21 Шілде 2021, 17:28
2640
Бөлісу:
Әсел Айтпаеваның анасы: Қызымды өлтіріп, терезеден лақтырып жіберген
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Грузияда қайғылы жағдайда ажал құшқан отандасымыз Әсел Айтпаеваның анасы Айсұлу Aibat ақпарат агенттігіне берген сұхбатында осылай деді. Ана жүрегі қызының өз-өзін өлтірді дегенге сенбейді.

Әселмен соңғы рет сөйлескен сәтін еске алған анасы оны жыраққа жібергісі келмегенін айтады. Әсел Грузия еліне аяқ астынан жиналып, асығыс кеткен.

Қызыма әуежайда «Кетпей-ақ қоярсың мүмкін?» дегенімде: «Мұрат маған жұмысқа баруға ұсыныс жасады. Кіммен бара жатқанымды білемін, неге алаңдайсыз?» деді. Ал соңғы рет 4 мамыр күні түнде видеоқоңырау арқылы сөйлестік. «Үйде жалғызсың ба?» деп сұранымда, «Иә, мам, жалғызбын» деді. Бөлмесін көрсетті. Бірақ күмәндандым. Заттардың бәрі шашылып, әрі диванда біреу жатқандай әсерде болдым. «Даусың ұнамай тұр. Не болды, Әсел?» деп едім, «Мама, ұйқым келіп тұр, шаршадым» деп тұтқаны қоя салды, - деп ағынан жарылды Айсұлу Айтпаева.

Одан соң қайта қоңырау шалған анасына жауап бермеген. «Қызым, өтінемін, жауап берші» деген хабарламаға да үн қатпаған.

Грузияға барған алғашқы 2-3 күн ішінде жұмыс істеген сыңайлы. Өйткені полиция солай деп отыр... Қызым өте ашық-жарқын, өжет мінезді болатын. Ойындағысын бетке айтатын. «Мама, өмірде қызық көп. Әлемді аралап, әдемі өмір сүргім келеді...» дейтін, - деп еске алды анасы.

Марқұм бойжеткеннің анасы мәйітханада қызының денесін көргенде қатты таң қалған.

Кеуде тұсында сызық тұр. Саусақтың іздері қалған. Ал беті тап-таза. Гематоманың болмағанына таңырқадым. «Аяқтары орнында ма?» деп сұрап едім, ондағылар орнында тұр деп жауап берді. Оны өлтіріп, лақтырып жіберген деп ойлаймын. Әлі күнге дейін терезеден жалғыз адам лақтырып жібере алмайды деген ой көкейімді тесуде. Екі ер адамның лақтырып жібергенін біреу видеоға да түсіріп алған, - деп отыр ол.

Ал Грузия азаматы Бесик Тордуаның қайтыс болғанына қатысты Айсұлу Айтпаева былай деп отыр.

Грузиннің қайтыс болғанынан мен үшін ештеңе өзгермеді. Тек оны да дәл менің қызымды ұрғандай ұрып-соғып, азаптағаны ғана көңілімді басқандай. Жүрегі жай ғана тоқтап қалмаған, басында гематомалар қалған. Оның көзін құрту үшін осылай жасалған деп ойлаймын, - дейді ол.

Ал әпкесі Әселдің қайтыс болар алдында бірнеше уақыт бұрын досына хат жазып, ақша сұрағанын айтты.

Досынан ақша сұраған. Қазақстанға оралғысы келіпті. Неге бізге хабарласпағанын білмеймін, - дейді әпкесі Нұрсұлу.

Айсұлу Айтпаеваға Грузия азаматы Бесик Тордуаны айыптау бойынша процестің тоқтамайтындығы хабарланыпты. Мейірбековке қатысты істің барлығы Қазақстанға беріледі.

Ал 21 маусым күні Грузиямен тыңдалым өтуі тиіс болған. Алайда ол 9 тамызға ауыстырылыпты. Неге олай екендігін сұраған Айсұлу Айтпаева «Бір мәселелер туындады» деген жауап алыпты.

Мен оған (Мейірбековке – ред.) қызымды сеніп бердім. Өлтір деп бермедім. Енді әуелі Аллаға, одан соң уәкілетті органдарға Мейірбеков ісі бойынша сенім артамын. Әселім, қызым менің барым еді, - дейді Әселдің анасы.



Еске салсақ, марқұм Әселдің отбасы Тбилисиден оның туысы Мұрат Мейірбековті экстрадациялауға қол жеткізген болатын. Ол адам саудасымен айналысты, яғни Мейірбеков бойжеткенді 57 жастағы Грузия азаматы Бесик Тордуаға сатуы мүмкін деген күдікке ілінді. Мамыр айының ортасында Мейірбеков Нұр-Сұлтанда қолға түсті. 14 шілдеде Мұрат Мейірбековті қамау мерзімі ұзартылғаны туралы белгілі болды. Ал екінші күдікті, грузиялық Бесик Тордуаның қайтыс болғандығы және оның өліміне не себеп болғандығын жазған болатынбыз.

Бұған дейін араптама барысында қыздың денесінен туысы Мұрат Мейірбековтің ДНҚ-сы анықталғаны хабарланған. Бұл туралы Facebook-тегі парақшасында құқық қорғаушы Дина Таңсәрі мәлімдеді.

Өзгелердің жаңалығы