Бас жаңалықтар
Асқар Мамин Шымкентте тігілген туфли сатып алды
16 Наурыз 2019, 19:37 6368

Асқар Мамин Шымкентте тігілген туфли сатып алды

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. ҚР  Премьер-министрі Асқар Мамин Шымкентке жұмыс сапарында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының жұмысымен танысты. Осында орналасқан кәсіпорындарды аралай жүріп, сондағы аяқ киім фабрикасынан ерлер аяқ киімін сатып алды.

Үкімет басшысы 12 мың теңгеге сатып алған ерлер туфлиі БК «Lux Shoes» ЖШС фабрикасында тігілген.

Премьер-министр аяқ киім фабрикасындағы жұмысшылар санын сұрастыра келе, отандық нарыққа сапалы тауар ұсына беруді тапсырды.


Кәсіпорын директоры Гайрат Хасанбаевтың айтуынша, 2018 жылы жұмысын бастаған фабрикада әйелдерге, ерлерге және балаларға арналған аяқ киімдер шығарылады.


"Қазіргі таңда мұнда барлығы 80 адам еңбек етеді. Әзірге ерлер аяқ киімін тігуді жолға қойған кәсіпорындағы барлық топтамалар таза былғарыдан тігіледі. Жобалық құны 403 млн теңгені құрайтын кәсіпорын ашылғалы бері 35,2 млн теңгенің өнімін шығарған. Заман талабына сай итальяндық технология бойынша түркиялық «FANTAS» және «COMELZ» маркалы құрылғыларымен жабдықталған. Ауа өткізгіш, терлеу әсеріне тұрақты, термоэластпласт табанды, еденде қара жолақ қалдырмайтын жоғары сапалы аяқ киімдерді шығарады. Сонымен қатар, кәсіпорындағы өндірістік желілер толықтай автоматтандырылған",-дейді Гайрат Хасанбаев.

Сонымен қатар Үкімет басшысы жалпы инвестиция құны 1 миллиард 800 миллион теңгені құрайтын қазақстандық шұлық-тоқыма «Әлем БТ» ЖШС зауытына барды. Кәсіпорын қуаттылығы жылына 16 миллион жұп өнімді құрайды. 200-ден астам ерлер, әйелдер және балалар шұлықтары өнімдерінің ассортиментін шығарады.


Барлық өнімдер заманауи автоматтандырылған технологияларды пайдалана отырып жасалады. Ең жоғары халықаралық стандарттар мен талаптарға жауап береді. Іске қосылған сәттен бастап «Әлем БТ» отандық фабрика өнімдері қазақстандық тұтынушылардың сеніміне ие болып, енді ресейлік нарыққа шығуды жоспарлап отыр.



Айта кетсек, жоғарыда аталған аяқ киім фабрикасы да осы «Әлем БТ» ЖШС –іне берілген жер аумағынан салынған. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, осылайша екі кәсіпорын бірлесіп, шұлық және аяқ киім өнімдерін қатар нарыққа ұсынады.

Шымкент қаласы әкімі баспасөз қызметінің берген мәліметінше, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында қазіргі уақытта жалпы инвестиция көлемі 29,5 млрд теңгені құрайтын 13 жоба іске қосылған. 1396 жұмыс орны ашылды. 2010-2018 жылдары «Оңтүстік» АЭА-ның қатысушы кәсіпорындардың өндіріс көлемі 42,9 млрд теңгені құраған. Осы өнімнің жартысынан көбі жақын және алыс шетелдерге экспортталды.


Фото: автордан

Сізден жаңалық