Асқар Мамин электронды сауда мәселесін реттеуді тапсырды

28 Шілде 2020, 11:05
1755
Бөлісу:
Асқар Мамин электронды сауда мәселесін реттеуді тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі онлайн Үкімет отырысы барысында ҚР премьер-министрі Асқар Мамин тиісті сала мамандарына электронды сауда мәселесін реттеу бойынша бірқатар тапсырма берді.

Қазіргі таңда, әсіресе пандемия жағдайында әлемдік трендтерге сәйкес, Қазақстанда электронды сауда қарқынды дамып келеді. Электронды сауданың бөлшек сауда айналымындағы көлемі мен үлесі бір жарым есеге өсті. Нарықтың осы сегментінің перспективасы үлкен, әрі экономиканың ілеспе секторлары – логистикаға, контейнерлік тасымалдауға, курьерлік қызметтерге, цифрлық сервистер мен қызметтерге, еңбек нарығына және тағы басқаларға мультипликативті әсерін тигізеді, - деді премьер-министр.

Үкімет басшысы алда электронды сауда рәсімдерін жеңілдетіп, қаржыландыруға жол ашатын, интернет арқылы мәміле жасауға сенімділікті нығайтатын және киберқылмыстарға қарсы әрекет етуге мүмкіндік беретін тиімді шараларды қалыптастыру міндеті тұрғанын жеткізді. 

Біріншіден, болжамдарға сәйкес, 2025 жылға қарай аралас салаларды ескере отырып, 300 мыңнан астам жаңа жұмыс орыны ашылады. Осы ретте Сауда министрлігіне Еңбек министрлігімен, "Атамекен" палатасымен және ірі интернет-дүкендермен бірге кәсіпкерлерді онлайн-сауданы тиімді жүргізуге оқыту бойынша арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. Соның ішінде, осы бағдарламаға жастарды белсенді тарту қажет. Екіншіден, сауда логистикасын одан әрі тиімді дамыту мақсатында Сауда, Цифрлық даму министрліктеріне логистиқалық орталықтар желісін және қазір құрылып жатқан ұлттық тауар өткізуші жүйені дамыту бойынша жоспарды үйлестіруді тапсырамын, - деді Мамин. 

Премьер сонымен қатар, отандық онлайн сауданы дамыту үшін Цифрлық даму министрлігіне Сауда министрлігімен және Қазақстан Даму банкімен бірге онлайн бизнеске несие беру мәселесін пысықтауды тапсырды. Ол инновациялық технологиялық шешімдерді қолдану осы саладағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап ететінін, Цифрлық даму министрлігіне тиісті заң жобасын әзірлеуді Үкіметтің қарауына биыл ұсыну қажеттігін айтты. 

Онлайн саудада тұтынушылардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету қажет. Сауда министрлігіне Ұлттық экономика министрлігімен бірге "бір терезе" қағидаты бойынша Тұтынушылардың арыздары мен ұсыныстарын қабылдаудың бірыңғай платформасын іске қосуды жандандырып, тиімді кері байланысты жолға қоюды тапсырамын. Айтылған тәсілдерді ескере отырып, Сауда министрлігі мен Цифрлық даму министрліктеріне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, Электрондық сауданы дамытудың 2023 жылға дейінгі жол картасын жандандырып, іс-шараларды орындаудың нақты мерзімдерін белгілеуді тапсырамын, - деді үкімет басшысы.


Өзгелердің жаңалығы