Шөкеев Арыстың қазіргі жағдайы туралы айтты

23 Қазан 2019, 13:55
4652
Бөлісу:
Шөкеев Арыстың қазіргі жағдайы туралы айтты
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Арыстың қазіргі ахуалын баяндап берді.

"Арыс қаласында болған оқиғаны айтпай кетуге болмайды. 24 маусымда Арыста төтенше жағдай болды. Қиын сәтте елдігімізді, бірлігімізді көрсете білдік. Арысқа үкімет тарапынан да, халық тарапынан да үлкен көмек көрсетілді. Көрсетіліп те жатыр. Премьер-министр Асқар Маминнің тапсырмасына сәйкес Арыс қаласын шұғыл түрде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін қала аумағын 17 секторға бөліп, республикалық маңызы бар қалалар мен облыс әкімдіктері тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілді. 14 облыс пен 3 қала бірігіп, Арыстағы зақым келген үйлерді қалпына келтірді", - деді Шөкеев баспасөз мәслихат барысында.
Оның сөзінше, Арыс қаласында жалпы 8637 тұрғын үй бар, оның 103-і – көпқабатты. Төтенше жағдайдан кейін 7163 тұрғын үй жөндеуді қажет еткен. Оның ішінде 100 көпқабатты тұрғын үй және 470 үйді толықтай сүріп, қайта салу қажет болған. 

IMG_20191023_130413_591.jpg
"Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардан бөлек Арыс қаласының инфрақұрылымы да күрделі жөндеуден өтті. Бұған "Самұрық-Қазына" қоры жауапты болды. Бүгінде жұмыстар аяқталды деуге болады. Кейбір бірен-саран объектілер бар. Оған Нұр-Сұлтан қаласының секторында сараптау мәселелері сәл кешеуілдеуі себеп болды. Қараша айына дейін ол нысандардың бәрі іске қосылады деп уәде беріп жатыр. Арыс қаласындағы қалпына келтіру жұмыстары толықтай аяқталды деуге болады. Бұдан бөлек 59,7 шақырым жолдар, көшелер, гүлзарлар, саябақтар барлық әлеуметтік нысандар толық күрделі жөндеуден өтті", - деді өңір басшысы.
Бұған дейін өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев бұған дейін Түркістанда 26 нысанның құрылысы жүріп жатқанын айтқан болатын. Сондай-ақ Түркістан облысында жыл соңына дейін 11 тұрғын үй берілетінін атап өтті.
Өзгелердің жаңалығы