Арыстық оқушылар Павлодардағы лагерьлерде демалады

25 Маусым 2019, 19:12
1913
Бөлісу:
Арыстық оқушылар Павлодардағы лагерьлерде демалады

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңіріндегі төрт қала сыртындағы лагерь Түркістан облысы Арыс қаласының 300-ден астам оқушысын қабылдауға әзір. 

Облыстық білім беру басқармасы өкілдерінің мәліметінше, 5-9 сынып оқушылары 15 күн бойы демалады. Жеткіншектер тегін сауықтыру және демалыспен қамтылады. Қазіргі уақытта бір топ маман Түркістан облысына жұмыс сапарымен аттанды. Басты мақсат - балаларды тездетіп ресімдеп, облысқа әкелу. 

«Арыс қаласының балалары лагерьде жаз бойы демалғысы келсе, оған да мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта Шарбақты, Павлодар, Баянауыл аудандары және Ақсу қаласының аймағындағы демалыс орындары дайын тұр. Жеткіншектерге көмектесу үшін психологтар мен дәрігерлерден арнайы штаб құрылды. Ал Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде «Серпін» бағдарламасы бойынша оқитын бір топ студент жазғы демалыс орындарында волонтерлік қызмет атқармақ. Қазіргі уақытта жоғары оқу орнымен келіссөздер жүргізілуде», - дейді облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы. 

«Арыс. Біз біргеміз» қайырымдылық акциясына атсалысқандардың қатарында облыстық полиция департаментінің екі мыңнан астам қызметкері бар. 

«Полицейлер шет қалмауға тырысты. Таңертен барлық құрылымдарда жиын өткізіліп, Арыс қаласы тұрғындарына бір күндік жалақыны аудару туралы ұсыныс жасалды. Тәртіп сақшылары бірауыздан қолдады», - дейді облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Жанна Белялова. 

Бүгінгі күні мемлекеттік қызметшілер да бір күндік айлықтарын аударды.

Өзгелердің жаңалығы