Арыстан келетін 130 бала Баянауылда демалады

26 Маусым 2019, 18:59
1608
Бөлісу:
Арыстан келетін 130 бала Баянауылда демалады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысы Арыс қаласының апат аймағынан қала сыртындағы сауықтыру орталықтарына 300 баланы қабылдайды. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.

Облыс әкімі Болат Бақауовтың ұсынысы бойынша аймақта әскери бөлім аумағындағы жарылысқа байланысты төтенше жағдай жарияланған Арыс қаласынан 300 баланы демалыс базаларына орналастыру туралы шешім қабылданды.

«Қазір Арыс қаласының жағдайы барлық жағынан таныс. Павлодар облысы кем дегенде 300 баланы біздің жазғы лагерьлерге қабылдауға дайын екендігі туралы бастама көтерді. Ол үшін барлық жағдай жасадық, ертең Арыс қаласынан балалардың алғашқы легі Павлодарға келеді. Олар Баянауыл ауданында біздің демалыс базаларына орналастырылады. Бұдан әрі бұл жұмыс жалғасады», - деп нақтылады аймақ басшысының орынбасары Асхат Оралов.

Балалардың бірінші кезеңде келуі 2019 жылғы 27 маусымға жоспарлануда. Жалпы саны 130 бала және 10 жетекшісі де бар. Екінші кезеңде 170 бала қамтылады. ПМПУ студенттері тәлімгер және тәрбиеші бола алады.

«Қазіргі таңда Арыс қаласынан балаларды қабылдау және ұйымдастыру бойынша іс-қимылдың егжей-тегжейлі жоспары әзірленді. Балаларды орналастыру үшін келесі сауықтыру орталықтары анықталды: «Казхром» ТҰК АҚ «Ферроқорытпа» АҚ бос уақыт қамту орталығы демалыс орталығы, Павлодар облысы білім беру басқармасының «Жас дәурен» оқу-сауықтыру орталығы, Павлодар қаласы білім беру бөлімінің «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы, Шарбақты ауданының «Чайка» балалар сауықтыру лагері», - дейді облыстық білім беру басқармасында.

Іс-қимыл жоспарына сәйкес облыстың білім басқармасы полиция департаменті, тауарлар мен қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаменті, төтенше жағдайлар және денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, аталған орталықтарда балалардың өмір сүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық шараларды қабылдау бойынша жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ балаларға медициналық жәрдем көрсету жоспарланған. Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетімен бірге аталған орталықтарда тәрбиешілер мен тәлімгерлер ретінде студенттерді тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Мұражайларға және басқа да мәдени-демалыс орындарына бару арқылы Павлодар қаласы бойынша экскурсиялық турлар ұйымдастырылады. Қаржыландыру бюджеттік және бюджеттен тыс қаражат есебінен қамтамасыз етіледі.

Өзгелердің жаңалығы