Арыста тұңғыш Гемодиализ орталығы ашылды

8 Қыркүйек 2021, 18:17
3718
Бөлісу:
Арыста тұңғыш Гемодиализ орталығы ашылды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Арыс қаласындағы орталық аурухана жанынан Гемодиализ орталығы ашылды. Емдеу-сауықтыру орталығының ашылуына қала басшылығы мен дәрігерлер, қала тұрғындары қатысты. Бұл туралы Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жалпы 80 мыңға жуық тұрғыны бар Арыста бұған дейін мұндай орталық болмаған. Ал созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі дертіне шалдыққан 40-тан астам азамат аптасына 2-3 реттен ең жақын орталық 85 шақырым қашықтағы Шымкентке қатынап келген.

Арыста тұңғыш Гемодиализ орталығы ашылды

Орталықтың ашылу салтанатында сөз сөйлеген қала әкімі Гүлжан Құрманбекова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына Жолдауында халық бірлігі мен жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі екендігін айта келе, «медицина саласына инвесторларды тарта отырып, бұл бағытта озық технологиямен жаңа зерттеу жұмыстарын игеруді қолға алу керек» деп атап көрсеткенін еске салды.

Арыста тұңғыш Гемодиализ орталығы ашылды

Президент Жолдауында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында біз бүгін облысымызға белгілі «Мед Алатау» көпсалалы медицина орталығының қызметін Арыс қаласында ұйымдастырып отырмыз. Ал науқастардың жанын шүберекке түйіп, ұзақ жол жүріп, Шымкентке барып-қайтуы оңайға соқпайтыны белгілі. Денсаулығы сыр берген жандарға көмек қолын созу үшін Президентіміз айқындап берген ұлт саулығы бағытындағы жоспарымызды іске асырып, бірқатар жерлестерімізге үміт отын сыйлап отырмыз, – деді Гүлжан Мамытқызы.

Арыста тұңғыш Гемодиализ орталығы ашылды

Көпсалалы «Мед Алатау» медицина орталығы ЖШС директоры Рүстем Әбдуалиевтің айтуынша, Арыс қаласында ашылған орталық бір мезетте 6 пациентті қабылдай алады.

Науқастарға сапалы қызмет көрсету мақсатында арнайы Surdial-X (Niprocorp) аппаратын Жапониядан алдырған. Ал суды сүзгіден өткізіп, құрамын байыту үшін Германиядан қосымша құрал-жабдықтар әкелген.

Арыста тұңғыш Гемодиализ орталығы ашылды

«Мед Алатау» медицина орталығының емдеу ісі бойынша директордың орынбасары Бақтияр Сұлтанмұратов Арыс қаласындағы орталықта дәрігер, дәрігер-нифролог, хирург, кардиолог, лабораториялық зерттеу жұмыстарын жүргізетін мамандардан құралған ұжым гемодиализдік процедурадан бөлек, гемодиафилтрация, гемофильтрация және экстракорпоральді детоксикация сияқты емдеу шараларын да қатар алып жүруге қауқарлы. Сондай-ақ бұл жерде кәсіби білікті нефрологтардан кеңес алуға болады.

Арыста тұңғыш Гемодиализ орталығы ашылды

Қала тұрғыны әрі аталған орталықтың алғашқы пациенттерінің бірі Үсен Жақыпбаев науқастарға осыншалықты көңіл бөлініп, жоғары деңгейде жағдай жасалып жатқанына көпшілік атынан алғысын білдірді.

Біздің жағдайымызды түсініп, осындай игі істердің ұйытқысына айналып жүрген азаматтарға, қала әкімдігіне, дәрігерлерге шын көңілден алғыс алғыс айтамын, – дейді ол.

Айта кетейік, орталықта Арыс қаласы мен қала маңындағы елді мекен тұрғындарына тіпті, Қазақстанның кез келген азаматына тегін қызмет көрсетіледі. Науқастарды тасымалдау қызметі мен ас-сумен қамтамасыз ету мәселесі де толық шешімін тапқан. Ең бастысы, дәрі-дәрмек тапшылығы мүлдем болмайды. Ал аталған қызметтерді тұтыну үшін азаматтар жеке басын куәландыратын құжатпен келсе, жеткілікті.

Өзгелердің жаңалығы