Арыста 181 үй толық жөндеуден өтті

5 Шілде 2019, 11:37
2069
Бөлісу:
Арыста 181 үй толық жөндеуден  өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Арыс қаласын жарылғыш заттардан түгелдей тазарту жұмыстары жалғасуда, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Шаһар тұрғандарына қауіпті деп танылған заттарды байқаған жағдайда 102,112 нөмірлеріне хабарласу керектігігі ескертілуде. Бұл туралы Арыс қаласы әкімдігінің мәжіліс залында өткен брифингте ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі Ермиян Бятов мәлімдеді. Оның сөзінше, қазіргі таңда тұрғындарға ешқандай қауіп жоқ. 

Журналистердің сұрағына жауап берген ҚР Қорғаныс министрілгінің өкілі, Арыс қаласының тұрғындарынан қоңыраулар толассыз келіп түсіп жатқанын жеткізді. 

«Жалпы бүгінгі таңға дейін 30 700 жарылғыш оқ дәрілердің бөлшектері табылған. Қазіргі уақытта осы табылған фрагменттер қаладан 60 шақырым тысқары орналасқан арнайы полигонға жеткізілген. Алдағы уақытта оның барлығы жойылатын болады. Яғни адам өміріне қауіпті емес» – деді Е. Бятов. 

Әлі де жарылысқа байланысты қызметтік тексерістің жүргізіліп жатқандығын жеткізген жауапты басшылар, оқ дәрілер сақталған қойманың көшірілетінін тағы да айтылды. 

Айта кетерлігі, 17 сектор бойынша барлық үйлер жөнделуде. Баспаналардың бүлінген шатырынан бастап, жарылған қабырғалар мен сынған терезелер қалпына келтірілуде. Қосымша секторларға бөлінген қызметкерлер ақау актілерін түзумен айналысуда.  Облыс пен аудандардан 1500-ден астам құрылысшылар жұмылдырылған. 

 Бүгінгі таңда 700-ден астам тұрғын үйде жөндеу жұмыстары басталған. 4 шілдедегі ақпарат бойынша, Арыс қаласында 181 үйдің  ақаулары толығымен қалыпқа келген. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда. 

Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадірбектің мәліметінше, бүгінгі күні шаһарда тұрғындар күнделікті өмірге қалыптасу үшін барлық жағдайлар жасалған. Қаланың ішінде 30 шақты дүкендер жұмысын бастады. 4 наубайхана сұранысқа сай нан пісіріп, қызметіне кіріскен. Автопарктер де толығымен жұмыстарын атқаруда. Сонымен қатар, жергілікті халық атаулы әлеуметтік көмек, жалақы, зейнетақы сынды төлемдерді түгел алуда. 

Өзгелердің жаңалығы