Арыс тұрғындарына 6 млрд 261 млн теңге өтемақы берілді

24 Маусым 2020, 13:43
1546
Бөлісу:
Арыс тұрғындарына 6 млрд 261 млн теңге өтемақы берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек онлайн брифинг барысында тұрғындарға апатты жағдай кезінде 100 мың теңгеден өтемақы берілгенін айтты.

Арыс қаласында 75 мың тұрғын бар. Соның ішінде төтенше жағдай кезінде 62 110 азамат зардап шекті деп танылған. Сол азаматтарға 6 млрд 261 млн теңге көлемінде өтемақы төленді. Яғни әрбір тұрғынға 100 мың теңгеден берілді, - дейді әкім. 

Брифинг барысында ҚР ҚК Тыл және қару-жарақ басқармасының бастығы Асылбек Сатвалдинов Арыс қаласы жарылғыш заттардан толығымен қай кезде тазаланатыны жайлы айтты. 

Арыста қазіргі жағдай тұрақты. Дер кезінде қабылданған шешімдер өз нәтижесін берді. Оны Арысқа барып өз көздерімен көрген шетелдік сарапшылар да растап отыр. Қазір оқ-дәрілерді залалсыздандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Халықтың қауіпсіздігі сақталған. Қазір оқ-дәрілердің жарылған орнын залалсыздандыру жұмыстары жүріп жатыр. Оны аяқтаған соң жарылғыш заттар сақталған қоймаларды залалсыздандыру басталады, ең ауыр жұмыс сол жерде. Қарулы күштер бұл жұмысты тез арада бітіруді мақсат етіп отырған жоқ, біз үшін ең бастысы әр шаршы метрді мұқият тазалау, яғни оның арты тағы апатты жағдайға әкелмеу керек. Сондықтан Арысты алдағы 3-5 жыл аралығында толық тазалаймыз деген ойдамын, - дейді Асылбек Сатвалдинов.

Өзгелердің жаңалығы