Арыс қаласының жүздеген оқушысы Ақтөбеде демалуы мүмкін

25 Маусым 2019, 18:37
2489
Бөлісу:
Арыс қаласының жүздеген оқушысы Ақтөбеде демалуы мүмкін

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Арысқа көмекті ақтөбеліктер де жіберді. 24 мың тонна азық-түлік пен балаларға қажетті құралдар бүгін Түркістан облысына жол тартты. Тағы 5 миллион теңге қаржы жөнелтілді.

«Арыс, біз біргеміз» акциясына ақтөбеліктер де үлес қосып жатыр. Азық-түлік, киім-кешек пен тұрмыстық заттар Арыс қаласының тұрғындары үшін оңтүстік өңірге жіберілді. Ақтөбеден бүгін 2 жүк көлігі 24 мың тонна азық-түлік тиеп жолға шықты. Қаржылай көмек те көрсетіледі. Ақтөбе облысы әкімінің кеше тағайындалған жаңа орынбасары Рахат Сыдықовтың төрағалығымен әкімдік жанынан арнайы комиссия құрылды.

«Түркістан облысы Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты облыс әкімі Оңдасын Оразалин маған тапсырма берген болатын. Штаб құрылды. Басқарма басшылары мен «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қатысты. Қазір облыста Арыстағы жағдайға байланысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда 2 жүк көлігіне 24 мың тонна азық-түлік пен балаларға қажетті құралдар тиелді. Қай қоймаға жөнелту қажеттігін анықтап жатырмыз. Жүк көліктері Шымкент қаласына дейін барады. Себебі, Арысқа әлі кіруге рұқсат жоқ»,-деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Рахат Сыдықов.

Өңір басшысы орынбасарының сөзінше, Ақтөбеге құрылыс материалдарын жөнелту туралы да сұраныс келген. Дегенмен, комиссия мүшелері көмекті қаржылай да жіберуді құп көріпті.

«Құрылыс материалдарының қажеттігіне сұраныс алдық. Мүмкіндік болса ақшалай беріп, «жергілікті жердің айналасынан қажетті құралдарды сатып аламыз» деген сұраныс жіберген. Соған байланысты, 20 миллион теңгеге құрылыс материалдарын дайындағанбыз, әзірге 5 миллион теңге аударып жатырмыз. Қарапайым халықты қолынан келетін көмекті беруге шақырамын. Әкімдіктің арнайы сайты мен әлеуметтік желілерінде мекенжайлары мен банк шоттары жарияланғган»,-деді Рахат Сыдықов.

Ақтөбедегі өзге де мекеме қызметкерлері мен кәсіпкерлер де қайырымдылықтан қалыс қалып жатқан жоқ. Арыс қаласының 100-ге жуық оқушысын Ақтөбедегі жазғы лагерьлерге тегін демалту көзделіп отыр. Кәсіпкерлер қолдаса қайырымды іс аясында 1 мың оқушы күзге дейін өңірімізде тынығады. Жас отандықтар да «Арыс, біз біргеміз» акциясына қатысып жатыр. Шаһардағы «Nur Otan» партиясы филиалының ғимаратында гуманитарлық көмек бекеті ашылған. Тұрғындардан азық-түлік, тұрмыстық заттар мен киім-кешек қабылданады.

«Арыс қаласындағы жағдайға байланысты арнайы бекет аштық. Мұнда ақшалай көмек қабылданбайды. Тек азық-түлік, киім-кешек, шаруашылық заттарын жинаймыз. Байланыс құралдарын әлеуметтік желілерге жарияладық. Қазір қала тұрғындары қолдау білдіріп жатыр. Үйсіз қалған жандарға көмек әрқашан қажет»,-деді "Жас Отан" жастар қанаты Ақтөбе облыстық бөлімшесінің кеңесшісі Мұрат Мұстафин.

Өзгелердің жаңалығы