«Артық шүйлігудің қажеті жоқ»: Елбасы заң жобасына қарсылық білдірген депутаттар жайлы айтты

6 Желтоқсан 2021, 10:25
5108
Бөлісу:
«Артық шүйлігудің қажеті жоқ»: Елбасы заң жобасына қарсылық білдірген депутаттар жайлы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елбасы Н.Ә. Назарбаев 1991 жылы «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң жобасына қарсылық білдірген депутаттар жайлы айтты. Тұңғыш Президент талқылау барысында болған оқиғаны өзінің «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында баяндады.  

Жоғарғы Кеңестің 1991 жылғы 14 желтоқсанында өткен 12-шақырылған 7-сессиясының талқылауына «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң шығарылды. 

Еліміздің жетекші заңгерлерінің қатысуымен заң алдын ала сараптамадан өткізіліп, бірден мақұлдануы тиіс болған. Бірақ Назарбаевтың айтуынша, депутаттар тарапынан бірден қолдау көрсетілмеген.  Заң жобасын талқылау мақсатында Жоғарғы Кеңес залында өткен жиынға вице-президент Е.М. Асанбаев қатысып, Елбасы талқылауды кабинетінде байланыс арқылы бақылап отырған. Сол сәтте қарсылық білдірген депутаттардың айтқанын ол мақаласында есімін атамай баяндады. 

Әлі есімде, күн тәртібі жария етілісімен-ақ бір депутат: «Біз кімнен және неден тәуелсіздік алғалы отырмыз?! Өзіміз 70 жыл бойы сөгіп келе жатқан ресей империясы үлгісімен енді қазақ империясын құруға ұмтылып жатқан жоқпыз ба осы?», – деп арандатушылық пиғылдағы сұрағын бастап кетті. Көп ұзамай тағы бір депутат оны қостай түсіп: «Біз тәуелсіз мемлекет жариялау мәселесін талқылаудамыз. Ертең таңертең 17 миллион халықтың тең жарымы – орыстілді қауым бөтен мемлекеттің азаматтары болып шыға келмек. Жолдастар, бұлай етуге болмайды ғой», – деді. Ал енді бір «халық қалаулысының»: «Тек қазақ қана Қазақ КСР-інің немесе Қазақстан Республикасының Президенті бола алатыны жөніндегі ұсынысты маған қатысты алғанда азаматтық теңқұқылыққа жасалған қиянат деуге бола ма, жоқ па?», – деген сұрағына орай депутат С.Сартаев оған қазақ елінің Президенті «мемлекеттік тілді және ұлтаралық келісім тілін қатар меңгерген адам» бола алатыны жөнінде заңда тайға таңба басқандай жазулы екенін ескертті, - дейді Тұңғыш Президент. 

Депутаттардың «батыл» сөздерінің ар жағында қолдаушылардың бар екенін Нұрсұлтан Әбішұлы сол кезде сезген. Оның айтуынша, сол кездегі Жоғарғы Кеңес депутаттары, ел ағалары, белгілі заңгер, ғылым қайраткерлері С.Зиманов, С.Сартаев, Ә.Кекілбаев, М.Қозыбаев, Ө.Жолдасбеков, т.б. депутаттардың орнықты, дәлелді жауаптарына қарамастан, заң жобасын екі күн бойы талқылаған депутаттар ортақ мәмілеге келе алмай қойған. 

Талқылау әбден тығырыққа тірелген кезде 16 желтоқсан күні түстен кейін мен Жоғарғы Кеңеске келіп, депутаттарға мән-жайды өзім түсіндіріп, олардың бұл шешімін бүкіл Қазақстан халқы, күллі әлем жұрты күтіп отырғанын былайша жеткіздім: «Бұл заңды қабылдауымыз керек, өйткені жалғыз біз ғана қалдық. Көпұлтты Қазақстан халқының алдында біздің арымыз таза. Бұл – барлығы әр сөзіне үңіле отырып оқитын маңызды заң. Менің сайлауалды бағдарламам, біз шешкелі отырған барлық мәселенің түйіні – осы.  Басты мәселе – мемлекеттік тәуелсіздік мәселесі. Артық шүйлігудің,  ешқандай мән-маңызы жоқ сөздерді қосудың қажеті жоқ. Заңды осы күйінде басым көпшілік дауыс арқылы қабылдау керек деп санаймын. Баршаңыздан осыған бейілділік білдірулеріңізді сұраймын, - деп жазылған мақалада. 

Назарбаевтың осы сөзінен кейін қарсы сөйлеген депутаттардың біразы сабасына түсіп, заң жобасы көпшілік дауыспен қабылданған.

Өзгелердің жаңалығы