Әртістер қарияларға мерекелік тарту жасады

31 Желтоқсан 2019, 15:58
2746
Бөлісу:
Әртістер қарияларға мерекелік тарту жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен "Қазақконцерт" артистері "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы қарттар үшін мерекелік қайырымдылық концерт өткізді.

Әртістер Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қариялардың көңілдеріне қуаныш сыйлады.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығында зейнет жасына жеткен, І және ІІ топтағы мүгедектер және жалғыз басты қариялар тұратыны белгілі.

Тағдыр тәлкегіне ұшырап, қамқорлықсыз қалған қарттардың күнделікті өміріне мерекелік көңіл-күй сыйлаған "Қазақконцерт" ұйымы 2019 жылды осылайша қайырымдылық шарасымен аяқтады. "Қазақконцерт" МКҰ директоры Жеңіс Сейдуллаұлы атап өткендей, еліміздің басты өнер ошағы биыл көптеген қайырымдылық іс-шараларын өткізді. Әр концерт бойынша билеттердің біраз бөлігі қайырымдылық мақсатта табысталды.

Қазақконцерт үлкен мерекелерге орай қайырымдылық жасауды жақсы дәстүрге айналдырды. Халқымызға тән мейірімділік пен қайырымдылық қасиеттерін негізге алып, біз әрдайым жүрек жылуына мұқтаж жандарға өнеріміз арқылы қолдау көрсетіп келеміз. Жақында ғана өткен "Жаңа жылдық кездесу-2" концертінде 1500 жуық билетті қайырымдылық мақсатта әлеуметтік деңгейі төмен көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен қарттарға табыстадық. Осы жақсы үрдістен алшақтамай, біз жылдың соңын да осындай ерекше концерттік бағдарламамен қорытындыладық. Мемлекет басшысы айтқандай, біз – әлеуметтік мемлекетпіз. Сондықтан келер жылы да "Қазақконцерт" ұйымы әлеуметтік тұрғыдан осал жандарға қамқорлық жасауды жалғастырмақ, - деп мәлімдеді Жеңіс Сейдуллаұлы.

"Қазақконцерт" артистері қариялар үшін баршаға танымал кеңес заманындағы әндер мен қазақ композиторларының туындыларынан құрылған ерекше концерттік бағдарлама ұсынды. Мерекелік концертте Жеңіс Сейдуллаұлы, Азамат Жылтыркөзов, Құрмаш Махан, Нұрлытаң Ермек, Жанна Сандыбаева сынды белгілі опералық және эстрадалық әншілер өнер көрсетті.

Ризашылық танытқан көрермен артистерге қошемет көрсетіп, оларға алғыстарын жеткізді. Концерт соңында қариялар жүректеріне жылу мен қуаныш сезімдерін ұялатқан "Қазақконцерт" артистеріне ақ баталарын беріп, жақсы тілектерін білдірді.
Өзгелердің жаңалығы